Президент тапсырмасы: «Saf» өнімдері шетелдерге де экспортталып, отандық брендтің танымалдылығын арттырып отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының тұрақты дамуы мен жаңа экономикалық модельді қалыптастыруда шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екенін үнемі атап өтіп келеді. Президент бұл мәселеге «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да арнайы тоқталып, кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, инвестиция мен бизнес саласындағы ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында соңғы жылдары нақты әрі жүйелі шаралар қабылданып келеді.

Президент көтерген осы бағыттағы міндеттер өңірлерде нақты істермен жүзеге асуда. Бүгінде Келес ауданында шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа өндіріс орындарын ашу, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Келес ауданындағы табысты кәсіпорындардың бірі – «Saf» шаруашылық сабын өндірісі. Бұл кәсіпорын 2018 жылы Абай ауылында Гүлсін Абдурахманова мен жолдасы Асылбек Есімхановтың бастамасымен шағын цех ретінде жұмысын бастаған. Алғашында тұрмыстық қажеттілікке арналған қарапайым сабын шығарумен айналысқан шағын өндіріс уақыт өте келе дамып, бүгінде тұрмыстық химия өнімдерінің кең түрін өндіретін кәсіпорынға айналды. Қазіргі таңда «Saf» өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, шетелдерге де экспортталып, отандық брендтің танымалдылығын арттырып отыр.

Кәсіпорынның жұмысымен танысу мақсатында Келес ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Али Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев арнайы келді. Кездесу барысында сенаторларға өндірістің даму жолы, қол жеткізілген нәтижелер және ауданда кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Халық қалаулылары кәсіпорын қызметіне оң баға беріп, мұндай өндірістердің өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Saf» өндірісінде әр істің өз жүйесі бар. Өнім сапасы мен технологиялық процестерді Асылбек Есімханов қадағаласа, өндірісті ұйымдастыру, құжат айналымы мен жұмыс барысының тұрақтылығы Гүлсін Абдурахманованың тікелей бақылауында. Қазіргі таңда кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кейбір кезеңдерде өнімге деген сұраныс айына 100 тоннаға дейін жетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуды талап етіп отыр.

Кәсіпорын теңқұрылтайшысы Гүлсін Абдурахманованың айтуынша, бұл жетістік оңай келген жоқ. «Сабын өндірісін тақыр жерден бастадық. Бейнет пен ынтымақтың арқасында көптеген қиындықтарды еңсердік. Бүгінде кір сабынымыздың шикізатын өзге кәсіпорындар да сатып алып отыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін дамуды, ізденісті ешқашан тоқтатпау қажет», – дейді ол.

«Saf» кәсіпорнының өнімдері бүгінде дәстүрлі сауда орындарымен қатар отандық және шетелдік маркетплейстер арқылы да сатылуда. Бұл – шағын және орта бизнестің заманауи нарық талаптарына бейімделіп, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып отырғанының көрінісі. Мұндай қадамдар кәсіпорынның нарықтағы үлесін кеңейтіп, өнімнің қолжетімділігін арттыруға жол ашуда.

Кездесу барысында Сенат депутаттары өнім сапасына, өндірістік процестің тиімділігіне және кәсіпорынның даму қарқынына жоғары баға берді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге индустриалдық аймақ аумағында өндірісті кеңейту, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар мен кеңестер айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *