Түлкібаста «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 ауылда мәдениет үйі салынуда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, оның дамуы мен жаңғыруы – тәуелсіздігіміздің негізі» деп атап өткен болатын. Түлкібас ауданында мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп, тұрғындарға сапалы мәдени қызметтер көрсету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, бүгінде өңірде барлығы 56 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 1 аудандық мәдениет үйі, 9 ауылдық мәдениет үйлері, 19 ауылдық клуб, 2 аудандық кітапхана, 25 ауылдық кітапхана бар. Бұл мекемелер аудан тұрғындарының рухани әлемін байытуға, мәдени-өнер шараларын өткізуге және тарихи мұраны сақтау жұмыстарына үлес қосуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде «Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек» дей келе Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасымен іске асырылған «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Даубаба ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. 2024-2025 жылдарға бөлінген 253 млн теңге қаржының көмегімен нысан биыл пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, Бақыбек ауылында 100 орындық (жалпы құны 409,4 млн теңге) және Ынтымақ ауылында 200 орындық (жалпы құны 539,4 млн теңге) мәдениет үйлерінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл нысандарға республикалық бюджеттен 200 млн теңге қаржы қарастырылған және олар 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Мәдениет пен өнерді дамыту арқылы жастардың рухани құндылықтарын нығайту, ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтап, жаңғырту – ел дамуының маңызды шарты» — деген болатын. Түлкібас ауданы осы тапсырмаларды жүзеге асыра отырып, мәдени инфрақұрылымды нығайтуға, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және мәдени шараларды кеңінен өткізуге күш салуда.
