Президент тапсырмасы: Кентауда дуальды оқыту жүйеленіп келеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен білім беру саласын жетілдіруге арналған бірнеше Жолдаулары білім беру мекемелерінің жұмысын жаңа белеске көтеруге септігін тигізуде. Солардың бірі – Кентау қаласындағы Кентау гуманитарлық-техникалық колледжі мен оның құрамындағы «Еркеназ» балабақшасы.
2018 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан бұл мекеме – облыстағы ең озық мектепке дейінгі ұйымдардың бірі және Мемлекет басшысының ұлттық білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық тапсырмаларын орындауымен үлгі болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында колледждердің өндірістік базаға жақындығын арттыру, дуальды оқыту жүйесін енгізу қажеттігі айрықша атап көрсетілді. Бұл талап білім беру саласында тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндіріс пен қызмет салаларымен тығыз байланыс орнатуды міндеттеді.
Кентау гуманитарлық-техникалық колледжі осы тапсырманы бірден қабыл алып, материалдық-техникалық базасын күшейтуге үлкен мән берді. Колледж ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, екі заманауи компьютерлік сынып, мамандандырылған кабинеттер мен зертханалар қайта жабдықталды. Сонымен қатар, автомеханик мамандығы бойынша оқу-практикалық базаны кеңейту мақсатында қазіргі заманға сай техникалық жөндеу қызметі орталығы (СТО) ашылды. Бұл – Мемлекет басшысының дуальды білім беру жүйесін енгізу туралы тапсырмасын толыққанды орындаудың айқын көрінісі.
Колледждің осы бағыттағы жұмысы «Еркеназ» балабақшасының қызметіне де әсер етті. 2018 жылы колледждің мемлекеттік-жекешелік әріптестігі негізінде ашылған бұл балабақша дуальды оқыту жүйесін мектепке дейінгі тәрбие саласында да сәтті жүзеге асыруда. Бұл жүйе арқылы «Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешісі» және «Бастауышта білім беретін мұғалімдер» мамандықтарын бірлесе оқыту қолға алынды. Осының нәтижесінде педагогикалық оқу бағдарламалары заманауи инновациялық әдістермен толықтырылып, озық педагогикалық идеялар мен технологиялар балабақша тәрбиесінде кеңінен қолданылып келеді.
«Еркеназ» балабақшасы – балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән беретін мекеме. Екі қабатты кең ғимаратта типтік стандарттарға сай жарық әрі қолайлы ойын және жатын бөлмелері, заманауи медициналық қызмет, музыкалық-хореографиялық зал, қысқы спорт-сауықтыру залы және робототехника кабинеті бар. Сонымен қатар, М.Монтессори кабинеті, логопед-дефектолог кабинеті, интерактивті-мультимедиалық құралдармен жабдықталған акт залы тәрізді заманауи инфрақұрылым балабақша тәрбиеленушілерінің жан-жақты дамуына қызмет етеді.
Мұндай білім беру кеңістігі – Мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыруға және балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған тапсырмаларын толық қанағаттандырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында балабақша мен мектепке дейінгі ұйымдардың маңыздылығын ерекше атап көрсетеді. Ол «Ойнамаған баланың ойы қалыптаспайды» деген қағиданы қолдай отырып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, шығармашылық пен логикалық ойлау қабілетін арттыруға баса назар аударуды тапсырды. Осыған орай «Еркеназ» балабақшасында әр түрлі ойыншықтар мен интеллектуалды ойын түрлері бар, олар балалардың назарын аударып, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Қазіргі таңда балабақшада 100 бала тәрбиеленеді, ал сұраныстың өсуіне байланысты қосымша 100 орындық жаңа ғимарат салынды. Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Нұрлан Көкенов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысып, мекеменің дамуына жоғары баға берді. Олар «Балабақша ғимаратының кеңеюі бізді қуантады, себебі балалар – елдің болашағы. Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағын патриоттық рухта тәрбиелеу – аса маңызды міндет» деп пікір білдірді.
Бұл жетістіктер – тек жеке ұжымның ғана емес, Қазақстан Республикасының стратегиялық бағытын айқындаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымдарына адал қызмет етіп келе жатқан білім саласының жарқын үлгісі. Болашақ ұрпақты сапалы білім мен саналы тәрбиеге баулып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – еліміздің өркендеуіне зор серпін береді. Осы орайда Кентау гуманитарлық-техникалық колледжі мен «Еркеназ» балабақшасының жемісті қызметі – мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде білім саласын жаңа деңгейге көтерудің тамаша үлгісі.
