Президент тапсырмасы: Бәйдібекте балық шаруашылығы дамитын болады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесіне айрықша тоқталып, бұл саланың ел экономикасындағы әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика көлемінде 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілді.
«Балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шара қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары», – деді Мемлекет басшысы. Бұл міндеттер өңірлерде нақты істермен жүзеге асырылып келеді.
Осы орайда Бәйдібек ауданында балық шаруашылығын дамыту және сала кәсіпкерлерінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған арнайы жұмыс жиыны өтті. Маңызды басқосуға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Расұл Самат Әбдімүтәліұлы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының биологиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Мирас Байдалы арнайы қатысты.
Жиынға аудан аумағында балық өсірумен айналысып жүрген кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары жиналды. Кездесу барысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері, субсидиялау мүмкіндіктері, ветеринариялық-санитариялық талаптар, биологиялық қауіпсіздік шаралары және салада кездесіп отырған түйткілді мәселелер кеңінен талқыланды.
Кәсіпкерлер тарапынан балық шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, жем-шөп базасын қалыптастыру, су көздерін тиімді пайдалану, сондай-ақ құжаттандыру рәсімдерін жеңілдету мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды. Өз кезегінде сала мамандары көтерілген сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау шаралары мен талаптарды түсіндірді.
Жиында Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев төрағалық етіп, балық шаруашылығын дамыту аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ол тиісті сала өкілдеріне кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жиын қорытындысында балық шаруашылығын жүйелі дамыту, өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді өңірлік деңгейде іске асыруға және Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығы әлеуетін толық пайдалануға жол ашатыны сөзсіз.
