Ордабасылық шаруалар 100 гектар жерді тамшылатып суғармақ
Ордабасы ауданында “Жан-2004” ЖШС-і 450 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару әдісін енгізе отырып, мал азығын дайындауда. Атап айтар болсақ, 100 гектарға жоңышқа, 350 гектарға бидай еккен. Жобаның құны 250 млн теңгені құрап, 10 адам жұмыспен қамтылған.
Жақында аудан әкімі Азат Оралбаев Қажымұқан ауылдық округінде болып, аталмыш серіктестік жұмысымен танысты. Шаруа қожалық су үнемдеу арқылы гектарынан 720 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек серіктестік маусым айында қосымша 70 гектар жерге жаңбырлатып суғару технологиясын ендірмек. Жоба құны 45 млн.теңгені құрап, су үнемдеу құрылғыларын “BNK Irrigation” ЖШС-і алдырған.
Аудан басшысы аталған шаруа қожалықтың жұмысына оң бағасын беріп, су үнемдеу арқылы да мол өнім алуға болатындығын айтты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында су ресурсын үнемдеуге ерекше тоқталған. 2030 жылдарға қарай еліміздегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтқан. «Судың да сұрауы бар» демекші, бірте-бірте оны үнемдеп пайдалануға көшуіміз керек. Мәселені түсініп ауданымыздың шаруалары су үнемдеу шараларын қолға ала бастағаны қуантады, — деді аудан әкімі.
Бүгінгі таңда ауданда 31 шаруа қожалық 474 гектар жерге тамшылатып суғару әдісін енгізген. Осы жыл 1300 гектар жердің 300 гектарына жаңбырлатып суғару, 1000 гектарына тамшылатып суғару әдісі енгізілетін болады. Былтыр ауданда су үнемдеу технологиясы енгізілген жер көлемі 4272 гектарға жеткен. Яғни жаңбырлатып суару – 1093 гектарды, тамшылатып суару 3199 гектарды құраған.
Айта кетейік, облыста су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Өңірімізде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт та іске қосылды.