Шардаралық кәсіпкер бірнеше кәсіпті қатар алып келеді

Шардара ауданы Көксу ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Әлтай Заур «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазіргі таңға кәсіпкер жем майдалау цехы мен автожуу бекетін іске қосты. Сонымен қатар, қосымша мақта түту цехы, желімдеу және дәмхана нысандарының құрылысын жүргізуде.
Кәсіпкердің жұмысымен танысуға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев арнайы барып, Әлтай Заурдың жұмыс жоспарларын тыңдады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге деген қолдауларды түсіндіріп, кәсібіне сәттілік тіледі.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елді мекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд. теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округте жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, микроқаржы ұйым жетекшілерінің басшыларымен өткізген жиында: «Жаңа жобаларды үйлестіруде бағыттарға басты назар аудару керек. Әр ауданның өз брендін қалыптастыруға назар аударыңыздар. Мысалы, Бәйдібек, Сайрам аудандары десе, ел мал шаруашылығын еске түсіреді. Шардара десек, балық өндіруден дамыған аймақ екенін білеміз. Сол секілді бұрын Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды айтатын. Содықтан әр аймақтың өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру маңызды», – деген болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *