Түркістанда жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында цифрландыру мен жасанды интеллектіні экономиканың, мемлекеттік басқарудың және әлеуметтік салалардың тиімділігін арттыратын негізгі қозғаушы күш ретінде айқындады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы өңірлерде бұл бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге серпін берді. Осы басымдықтар аясында Түркістан облысында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу білім беру, қауіпсіздік, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларын қамтып, жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Өңірде халықаралық талаптарға сай ашылған Woosong University Kazakhstan IT университеті болашақ IT-мамандарын даярлауда. Қазіргі таңда «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша 100-ден астам студент білім алып жатыр. Университеттің ғылыми және технологиялық әлеуетін ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларына енгізу бағытында бірлескен жобалар қарастырылған. Жастарды қолдауға ірі компаниялар да тартылуда. «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ және «Freedom Holding» корпорациялары студенттерге грант бөліп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруда.
Денсаулық сақтау саласында 2026 жылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасын іске қосу жоспарланған. PACS жүйесі арқылы өкпе, сүт безі обыры және өзге де ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі артып, диагностика сапасы жақсарады.
Қауіпсіздік саласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс әкімдігінде орналасқан Ахуалдық орталықтың мүмкіндігі кеңейтілуде. Бейнебақылау камераларының саны арттырылып, алдағы уақытта жасанды интеллект арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу, қоқыс тастау және тыйым салынған заттарды алып жүру деректері автоматты түрде анықталып, полиция органдарына жедел жолданатын болады.
Инфрақұрылым саласында Кентау қаласындағы Оранғай су тазарту станциясына су жеткізу жүйесі толықтай SCADA автоматтандырылған жүйесі арқылы бақылануда. Бұл жүйе су қысымы мен шығын көлемін нақты уақыт режимінде бақылап, ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Өңірдегі IT-экожүйені дамытуда Turkistan Hub аймақтық IT-хабы маңызды рөл атқаруда. Ашылғаннан бері хабта 3500-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен 225-тен астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-мен бірлескен YASAWI STARTUP инкубациялық бағдарламасы аясында бірқатар жобалар дайын өнім деңгейіне жетіп, нарыққа шығуға жақындады.
Биыл Түркістан облысында жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы жұмыстар нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және аймақтың технологиялық дамуына бағытталуда.
