Өсiмдiк ресурстарын коммерциялық мақсатта пайдаланғандар ақы төлейді
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап өсiмдiк ресурстарын коммерциялық мақсатта пайдаланғандар ақы төлейді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өсімдіктер дүниесін жалпы пайдалану (жеке және үйде пайдалану үшін ақысыз) және арнайы пайдалану (коммерциялық) тәртібімен жүзеге асырылатын болады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкілетті органының шешімімен бекітілген лимиттерде жеке тұлғалар жабайы жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және басқа да өсімдік ресурстарын өз қажетіне өтеусіз жинауға құқығы бар. Жинау нормасы өсімдік дүниесі мен геоботаникалық материалдарды түгендеу және ресурстық зерттеу негізінде анықталады», — деді Е. Құтпанбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап өсiмдiктер дүниесiн арнайы тәртіпте пайдаланғандарға (коммерциялық) ресурстар ақылы болатынын айтты.
«Төлем мөлшері осы ресурстардың табиғи қоры, таралуы, құндылығы, ресурстардың өнімділігін ескере отырып белгіленеді. Өсімдіктер дүниесін жеке мақсатта пайдалану тегін болады», — деді комитет өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 2 қаңтар күні Мемлекет басшысы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев саңырауқұлақ пен жеміс-жидек теретіндерге салық салудың жаңа нормасына қатысты түсінік берді. 2024 жылдан бастап елімізде саңырауқұлақ пен жидек тергені үшін кейбір азаматтарға салық қарастырылған.
«Мұндай алым түрі бұрын да болған. Осыған дейін бұрын осы талап тек ерекше қорғалатын аймақтарда, яғни ұлттық парк, қорықтардың аумағында таралған еді. Ал енді барлық жерде қолданылмақ. Екіншіден, жаңа норманың қарапайым халыққа қатысы жоқ. Бұл тұрғыда салық өнімді көп көлемде жинайтын, дәрілік препараттар жасайтын немесе коммерциялық мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлерге қатысты», — деді Е. Жамаубаев.
Қазақстанда 1,5 мыңға жуық дәрілік өсімдік бар.