Көп балалы отбасыларға арнайы квота бөлінді
Көп балалы отбасылардың балалары арнайы квотамен оқуға түсе алады. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығы хабарлады. Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар квотасы 5 пайызды құрайды. Жалпы мамандыққа бөлінген гранттың бес пайызы, енді осы квотамен беріледі. 2024 жылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша барлығы 13 735 грант бөлінген. Оның ішінде 687 грант немесе 5 пайызы көп балалы отбасылардан шыққан балаларға тиесілі. «Көп балалы отбасы» квотасы бойынша грант конкурсына қатысу үшін талапкер 18 жасқа толмаған болуы керек. Отбасында кәмелетке толмаған төрт бала бар болса, оның бірі жоғары оқу орнында немесе колледждің күндізгі бөлімінде оқитын студент болуы шарт.
Айта кетейік, қазақылықтың қаймағы сақталған Түркістан өңірінде де нәзікжандылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты қолдау бағытында жұмыс жүруде. Облыс театрларында «Бөрте», «Домалақ ана», «Фариза» қойылымдары көрермен назарына ұсынылды. Мұны аналарға, аруларға деген құрмет деуге болады.
Тәуелсіз еліміздің дамуына аналарымыздың, қазақтың қайсар қыз-келіншектерінің қосқан үлесі айрықша. Жаңарған Түркістанды, өңіріміздің әр аймағын дамытуға ерекше үлес қосуда. Жалпы Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында.
Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты. Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлері бар.