«Кез келген қиындықты терең біліммен, жастық жігермен еңсеріп шығамыз»

Шардаралық дарынды жастарымыздың бірі Көркем Заман. Өткен оқу жылында аудан бойынша ұлттық бірыңғай тест тапсыруға қатысқан 1154 түлектің бірі болған Көркем Әділханқызы грант иегері атанып, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетіне оқуға түскен болатын. Ол қаладағы «Шардара»» мектеп-лицейінде үздік оқыды. «Соңғы қоңырау» мерекесінде аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен мектеп директоры Жанат Сапаров Көркем Заманға көптің алдында «Алтын белгі» марапатын салтанатты түрде тапсырған іс-шараға біз де қатысқан едік.

Жерлесіміз қазіргі таңда  математика, экология, ағылшын тілі, дене шынықтыру, және тағы басқа пәндерден мектеп бағдарламасын тереңдетіп оқу бойынша білім алып жатыр. Бірінші курсты ойдағыдай аяқтап, емтихандарды жақсы деген бағаға тапсырып келген Көркем Заманмен  кездесіп, сұхбаттасып едік.

–Жалпы қу жылын аяқтадың? Математика мамандығын таңдауға не себеп болды? – деп сұрадық.  

–Барлық семестр бойынша алған білімдеріміздің нәтижесі емтиханда алған бағаларымызбен қорытындыланады. 5 пән бойынша емтихан тапсырдық. Қорытынды балл төмен болып қалған студенттердің шәкіртақысы тоқтатылады. Жан-жақты дайындықтың нәтижесінде бірінші семестрді е, екінші семестрді де ойдағыдай тапсырып шықтым. Біздің механика-математика факультеті ең қиын мамандықтардың бірінен саналады. Бірақ, кез келген қиындықты терең біліммен, күш-жігермен еңсеруге болады. Сондықтан математика пәнін терең игеру мақсатында  жатпай-тұрмай дайындалдым. Сабақтан тыс уақытында арнайы курсқа қатысып, қосымша тағы оқып жүрдім. Қазақ Ұлттық университетінде білім алу маған зор жауапкершілік жүктейді, әрі үлкен мәртебе деп білемін. Алғашында ІТ мамандығын таңдаған едім. Кейіннен математикаға ауыстым. Себебі, математика – күллі ғылымның анасы деген сөз бар. Басында қиын соққанымен бүгінде кәдімгідей төселіп, үйреніп, меңгеріп алдым деп айта аламын. Есептеу ғылымдары және статистика мамандығын иеленіп шыққан соң, сол білімімді Жаңа Әділетті Қазақстанды өркендетуге жұмсау – басты мақсатым деп санаймын, – дейді Көркем.

«Алтын белгі» иеленген Көркем бірінші кезекте мұндай дәрежеге жетуіне аяулы ұстаздарының еңбегі орасан деп біледі.

– Алғашқы ұстаздарым Кәмила, Оразкүл, Жанат апайларымнан сауат аштым. 7 жыл бойы сынып жетекшісі болған Перизат Мұратиярова баршамыздың сүйікті ұстазымыз саналады. Математикадан дәріс берген Мәлика Досназарова апайымның жәрдемі де өте көп болды. «Шардара» мектеп-лицейіндегі барлық ұстаздарыма шәкірттік алғысым шексіз.  Университет оқытушылары білімімізді одан әрі жетілдіріп жатыр. «Математикалық анализ» және «Алгоритмдер және деректер құрылымдары» пәндері бойынша лекция оқитын Венера Мамаева мен Магира Күлбай есімді апайларымыздан көп нәрсе үйрендік. Біздің топта барлығы 19 студент болса, солардың үшеуі «Алтын белгі» иегері. Бұл белгіні иеленгеннен кейін соған лайық болу – көп оқуды, көп ізденуді талап етеді. Сенімді ақтау үшін бар күшімді салып келемін, – дейді Көркем Әділханқызы.

Көркем Заман көпбалалы отбасынан шыққан. Өзінен үлкен ағалары Санжар мен Санатбек Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу университетінің грант иегері атанған болатын. Тағы бір ағасы Саятбек М.Әуезов атындағы Мемлекеттік университетінің соңғы курсында білім алуда. Өзінен кейінгі Сағадат, Нұрсая, Жәния, Байсұлтан барлығы да «Шардара» мектеп-лицейінде оқиды. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдар болғанымен бала тәрбиесін бәрінен жоғары қояды.

Әділ Әбдіраманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *