Пердекүл автокөлік орындықтарына арналған қаптар тіге бастады

Қазығұрт ауданының тұрғыны Пердекүл Пердебайқызы бүгінде өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана. Тігіншілікті әкесінен үйренген ол бұған дейін еліміздің бірқатар қалаларындағы үлкен кәсіпорындарда жұмыс істеген екен. Кейіннен өзі туып-өскен өңірінде жеке кәсібін ашуға бел буыпты.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіпкерлік бойынша білімін жетілдіріп, өз жобасын қорғап, қайтарымсыз грант иеленген кейіпкеріміз бастаған кәсібін әп-сәтте-ақ дөңгелетіп алып шығады.

— Қазір автокөлік орындықтарына арнап қап тігетін тігін цехтары өте аз. Сондықтан, мен үшін әзірге бұл кәсіпте бәселестік жоқ деп есептеймін. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары деңгейде. Тапсырыстарды уақытында аяқтап беруге барынша күш салудамыз. Қазірдің өзінде бізде 4 көліктің орындары өз кезегін күтіп тұр, — дейді Пердекүл Пердебайқызы.

Қазіргі таңда Пердекүл Пердебайқызының қол астында 5 тігінші жұмыс істеуде. Кәсіпкер алдағы уақытта қыз-келіншектерге арналған қол сөмкелері мен шапандар тігуді мақсат етіп отыр. «Бұл кезде тігіншілердің санын көбейтетін боламын» дейді кейіпкеріміз.

Жалпы Қазығұрт ауданында ағымдағы жылы Пердекүл Пердебайқызы секілді 93 адам қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібін бастады. Олардың басым бөлігі бүгінде тігіншілікпен, қолөнермен, кондитерлік өнімдерді жасаумен айналысуда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Айталық, бүгінде облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар  басшылық жасап жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *