Созақ ауданында 900 орынды «Жайлы мектеп» салынуда
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған.
Атап айтсақ, 300 орынды 11 мектеп, 600 орынды 25 мектеп, 900 орынды 15 мектеп, 1200 орынды 6 мектеп, 1500 орынды 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп салынуда. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын.
Жақында Созақ ауданына баспасөз туры ұйымдастырылып, БАҚ өкілдері аудан орталығындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы мектеп құрылысымен танысты.Білім ордасы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен жүзеге асуда. Жаңа мектепте робототехника, зертхана және хореография үйірмелеріне арналған кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ, оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталмақ. Мектепте арнайы бастауыш сыныптар, орта және жоғары буын оқушылары үшін жеке блоктар жасақталады. Білім ордасы биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Баспасөз туры аудан орталығында салынып жатқан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінде жалғасты. Спорт кешені — заманауи талаптарға сай, онда облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы. Екі қабатты ғимаратта футбол, волейбол, баскетбол, күрес және аралас жекпе-жекке арналған алаңдар бар.
Еске сала кетсек, өткен жылы Созақ ауданында бірнеше нысан ел игілігіне тапсырылған болатын.