Келес ауданындағы Бірлесу округі: нақты жұмыс, нақты нәтиже

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін инфрақұрылымдық даму мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі ретінде атап келеді. Президент: «Таза ауыз су мен сапалы экологиялық орта – әрбір азаматтың өмір сүру сапасының өлшемі» деп нақты бағыт көрсетті. Осы стратегиялық тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Бірлесу ауылдық округінде биыл бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылды. Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, тұрғындарды газ және таза ауыз сумен қамту – округтегі негізгі басымдықтардың қатарында.

Ауылдық округ әкімі Жанболат Серікбаевтың 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс есебіне сүйенсек, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – әкімдік қызметінің басты бағыттарының бірі ретінде айқындалып отыр. Бұл бағытта инфрақұрылым, экология, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларында нақты нәтижелерге қол жеткізілген.

Ауыз су мәселесін шешу – Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан стратегиялық басымдық ретінде белгіленген. Бұл ретте Бірлесу ауылдық округінде бірқатар оң өзгерістер бар. Қазақстан елді мекені толыққанды ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Дихан мен Берекелі ауылдарына заманауи «Омега» су тазарту құрылғылары орнатылды. Бұл тек тұрмыстық қажеттілікті өтеу ғана емес, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды қадам.

Сонымен қатар, елді мекен көшелеріндегі 37 сынған құдық қақпағы жаңартылып, техникалық қауіпсіздік пен суды үнемді пайдалану мәселесі шешілді. Бұл – ауыл халқы үшін күнделікті өмірдегі қауіпсіздік пен жайлылықты арттыратын нақты іс-шара.

Елімізде су тапшылығы мен климаттық өзгерістер мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Түркістан облысы – суармалы жерлерге бай өңірлердің бірі болғандықтан, мұнда су ресурстарын тиімді пайдалану – аса өзекті. Осы тұрғыда Бірлесу округінде Ташкент каналының бойында көпір салу жұмысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Бұл нысан жергілікті тұрғындардың каналды қауіпсіз әрі ыңғайлы кесіп өтуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, су ресурстарын басқару бағытындағы маңызды шешімдердің бірі ретінде бағаланады.

Ауылдық жерлерде табиғи газбен қамтамасыз ету – экологияны қорғауға бағытталған негізгі шаралардың бірі. Қазіргі таңда округтің 4 елді мекенінде газ жүйесіне қосылған абоненттер саны 825-ке жетіп, бұл көрсеткіш ауыл халқының 89 пайызын құрап отыр. Газдандыру қатты және сұйық отынға деген тәуелділікті азайтып, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтардың көлемін төмендетеді. Бұл – ауыл экологиясын жақсартуға қосылған нақты үлес.

Инфрақұрылым саласында да ілгерілеу бар. Қазақстан елді мекеніндегі М.Әуезов көшесіне 1,16 шақырымдық жарықтандыру жүйесі орнатылып, түнгі қауіпсіздік деңгейі артты. Сонымен қатар, Дихан ауылындағы бірнеше көшеге шағал тас төселіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Ауылдық округте тұрғындардың жерге деген сұранысын қамтамасыз ету бағытында да маңызды қадамдар жасалды. Елді мекен шегіне қосымша 109 гектар жер енгізілді. Оның ішінде 33 гектар – Қазақстан ауылына, 49 гектар – 28 гвардия ауылына, 13 гектар – Диханға, 15 гектар – Берекелі ауылына тиесілі. Қазіргі уақытта осы жерлерді тиімді пайдалану үшін жерге орналастыру жобалары әзірленуде. Бұл тұрғын үй салуға, шаруашылықты кеңейтуге, жергілікті экономиканы дамытуға тың серпін бермек.

Президент Жолдауында айтылған: «Әрбір ауыл тұрғыны таза сумен, жайлы баспанамен және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – біздің міндетіміз» деген тұжырым – Бірлесу ауылдық округінде жүйелі түрде іске асып жатқан нақты қадамдармен үндес. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бірлесу округінің тәжірибесі – Мемлекет басшысы белгілеген даму бағыттарының жергілікті деңгейде табысты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын мысал.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *