Жолдау жүктеген міндет: Отырар ауданында 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы салынуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі мен азаматтардың табысын арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде атап келеді. Мемлекет басшысы: «Экономикалық саясаттың жаңа басымдығы – халықтың табысын арттыру. Бұл – әділдік пен тұрақтылықтың негізі», – деп нақты тапсырмалар берген болатын. Осы мақсатта елімізде қабылданған «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Отырар ауданында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.

Айталық, 2025 жылдың 6 айында ауданда 2 379 жаңа жұмыс орны ашылды, бұл жоспарланған 4 571 орынның 52 пайызын құрайды. Оның ішінде 1 058 – тұрақты, 1 321 – уақытша жұмыс орындары.

Аудан халқының экономикалық белсенді бөлігі – 22 882 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар – 21 770 адам, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 7 315 адамға жетті.

Әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде аз қамтылған отбасыларға да нақты көмек көрсетілді. 2025 жылдың алғашқы 6 айында 86 отбасыға 25,2 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2024 ж. 6 ай – 160 отбасы, 37,2 млн теңге) тиімділіктің артқанын және нақты мұқтаж жандарға бағытталғанын көрсетеді. Кедейлік деңгейі 2024 жылдың 6 айында 2,3% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,2%-ға дейін төмендеді.

Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру мақсатында: «Біздің болашағымыз – шағын және орта бизнесте. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен халықтың тұрақты табысының негізі», – деген болатын. Осы бағытта Отырар ауданында бірқатар ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мәселен, ауыл шаруашылығы және су үнемдеу жобасы жайлы айтар болсақ, «Таймас-2024» ЖШС-і 2 000 гектар алқапқа тамшылатып суғару жүйесін енгізді. Жоба құны – 1,5 млрд теңге, 15 адам жұмыспен қамтылды. 2024 жылы 500 гектар мақта алқабынан 1 200 тонна өнім жиналды.

Мал шаруашылығы және сауда саласындағы ірі жобалар қатарында «Ontustik Altair» ЖШС-нің 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Жоба құны – 1,2 млрд теңге. Құрылысы 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Жеке кәсіпкерлер «Мамырбекова» мен «Бейбіт-2050» жалпы құны 1,0 млрд теңгелік сауда орталығы жобаларын іске асыруда, нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Өндірісті дамытуға бағытталған жобалардың арасында құны 25,3 млрд теңгені құрайтын 4 ірі жоба басымдыққа ие. Олар: мақта зауыты, шағын мақта қабылдау пункті, 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен құрама жем шығару цехы.

Мемлекет басшысы туристік саланың ел экономикасындағы рөлін былай атап өтті: «Туризм – ұлттық табыстың жаңа көзіне айналуы тиіс». Отырар ауданында 2025 жылдың алғашқы 6 айында 135 467 турист келген. Оның ішінде 8 982 – шетелдік туристер. Бұл – өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасы мен инфрақұрылымның дамуымен байланысты.

Қазіргі таңда ауданда 8 қонақ үй (оның ішінде 3 – шағын форматтағы) жұмыс істеп тұр. І тоқсан жоспары бойынша 2 445 турист күтілсе, нақты көрсеткіш 5 543 адамды құрады. Оның ішінде 32 шетелдік турист, НКИ (нақты көлем индексі) 110%-ға жетті.

Жеке кәсіпкер «Нұрыш А» 100 орындық жаңа қонақ үй құрылысын жүргізуде. Бұл нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «PANA ASIA» ЖШС тарапынан Отырар төбе қалашығы маңында қонақ үй, монша, тамақтану орны және тарихи көрме ғимараттарын қамтитын кешен салу жобасы жоспарлануда. Аудан әкімдігі тарапынан жер учаскесін беру мәселесі қаралуда.

Жалпы алғанда, Отырар ауданында Президенттің экономикалық саясаттағы негізгі басымдықтары – табыс арттыру, бюджет тиімділігі, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту нақты істермен жүзеге асып келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік жобалар жанданып, туризм саласы серпін алуда. Мемлекет басшысы айтқандай, «Ел экономикасының дамуы – әрбір аймақтың табысына байланысты». Сондықтан Отырар ауданындағы әрбір бастама – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына қосылған үлес екені анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *