Отбасылық жарыс салауатты өмір салтын насихаттауға арналды
Сарыағаш ауданы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық жас отбасылар сайысы өтті. Сайыстың мақсаты жас отбасылар арасында отбасылық құндылықтарды, отбасы мүшелерінің спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Аталмыш сайысты аудан әкімінің орынбасары А.Қозыбаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жас отбасылар сайысына 17 аудан, қаладан
9 жас отбасы қатысты. Спорттық жарыс үлгісінде өткізілген эстафеталық ойындарда жас отбасылар 4 кезең бойынша бақ сынады. Жарыс жеңімпаздары әр кезең соңында төрешілердің шешімімен анықталып отырды.
Сайысқа қатысушы командалар өз шапшаңдықтарымен, ептіліктерімен әр кезеңге белсенді қатысты. Тартысты өткен сайыс жеңіпаздарын Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшы орынбасары Есқұлов Пердебек Сержанұлы құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Эшмурзаевтар отбасы (Бәйдібек ауданы), ІІ орынды Истургановтар отбасы (Шардара ауданы), ІІІ орынды Дербістер отбасы (Жетісай ауданы) иеленді.
Айта кетейік, бүгінде өңірдегі көп балалы отбасылар саны 185 690-ға жеткен. Яғни еліміздегі көп балалы отбасылардың әрбір төртіншісі Түркістан облысында тұрады деген сөз.