Ата дініміздегі ізгілік, адамгершілік, жанашырлық секілді қасиеттер қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтады
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сайрам ауданының мәдениет үйінде Түркістан облысының имамдарына дәріс оқыды. Айта кетейік, жақында Елордамыз Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» атты тақырыпта имамдардың республикалық форумы өткен болатын. Еліміздің бас муфтиі жиында форумда қабылданған құжаттарды имамдарға егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, Түркістан облысының өкіл имамы Ержан қажы Саматұлы, «Балаби» қарилар даярлау орталығының директоры Арман Қуанышбаев, Сайрам аудандық Қоғамдық кеңес және «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мұрат Мырзатайұлыбаяндама оқыды. Жиынға Сайрам ауданы имамдарымен бірге іргелес жатқан аудандардың бас имамдары және ауыл имамдары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еліміздің мүфтияты ел тағдырына айрықша ықпал ететін осындай жауапты жұмысқа белсене атсалып келеді. Жалпы біздің ата дініміз ізгілік пен адамгершіліктен, жанашырлықтан және жасампаздықтан тұрады. Осындай асыл қасиеттер қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елімізді өркендету ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу баршамыз үшін маңызды екені сөзсіз.
Қоғамның дамуы, мәдениетті болуы ғылым мен технологияның дамуымен ғана шектелмейді. Ұлтымыздың сапасыжақсы болсын десек, руханият саласына баса мән беруіміз қажет. Президент атап өткендей, еліміздің мүфтияты ел тағдырына айрықша ықпал ететін осы жауапты жұмысқа бар күшін салуда.
Сонымен қатар, мүфтият имамдарымыз халықтың діни сауатын арттыруға, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге және оны жат ағымдардың әсерінен қорғауға да өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 3 мыңға жуық мешіті, 9 медресе-колледжі бар. Бұдан бөлек Алматы қаласында Нұр-Мүбәрак университеті жұмыс істейді. Діни білім алғысы келетін азаматтар аталған діни оқу орындарына баруға болады.Мешіттер мен медресе-колледждерде білімді, тәжірибелі ұстаздар жетерлік. Адам білімді өз бетінше емес, ұстаз арқылы үйренуі керек. Өйткені ұстаздан білім алу – сүннет.
— Білім мен амалды нағыз білім мен амал иесінен үйренген абзал. Ал ішкі жан-дүниеміздің, руханиятымыздың мәселесіне келсек, мұны Әнастың (оған Алла разы болсын) мына бір ауыз сөзінен байқауға болады: «Пайғамбарымыздың қабіріне топырақ салып, қолымызды қаққан сәтте-ақ біз өз жүрегіміздің үніне сенбей қалдық». Әнастың (оған Алла разы болсын) бұл сөзінен біз мынаны аңғарамыз: Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрудің өзі олардың жүректеріне шаттық сыйлап, айналасын нұрландырған. Руханияттың биік деңгейіне жеткен адамның жанына жақын жүргендер де одан құр қалмайды. Міне, сондықтан да жақсы адамдарға жақын жүріп, ісі мен сөзі өнеге бола алмайтын кісілерден іргемізді аулақ ұстаған дұрыс.
Кез-келген шәкіртті мақсатына жеткізетін жол – жақсы ұстаз таңдау. Білікті ұстаз ғана шәкіртін білмейтін жердің ой-шұқырынан аман алып өте алады. Біз ұстаздан дұрыс тәлім алу арқылы Алланы танимыз. Алланы жақсы таныған адам, Оны жақсы көреді. Алланы жақсы көрген адам, Оған жетуге, Жаратушы Иеміздің жақсылығынан үлес алуға ұмтылып, осы жолда барын салады. Аллаға жетуге ұмтылсақ, Ол бізді тура жолына бастайды. Яғни құзырында болуға лайықты таңдаулы жандар қатарына қосады. Бұл туралы Хақ Тағала «Анкабут» сүресінің 69-аятында: «Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (яғни бойындағы бар күш-жігерін кемел адам, үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолымызға бағыттаймыз. Алла әрдайым Раббысын өз көзімен көріп тұрғандай үнемі игі істер істейтін ізгі жандармен бірге» деп баяндаған. Алла Тағала сіз бен бізге осындай дәрежені нәсіп еткей.
Ұстазбен дос болу және одан білім алу – Алланы тануды мақсат еткен әрқайсымыздың міндетіміз. Бұған Алланың сөзі дәлел болады: «Маған құштар жандардың жолына ілес» («Лұқман» сүресі, 15-аят); «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят).Шәкіртке ұстаздық етудің тағы бір шарты – оның білім беруге арналған рұқсаты, яғни ол ресми ұстаз болуы керек, — дейді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.