Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері отау құрды
Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы №2 балалар ауылынан түлеп ұшқан жас қыран Болат қазіргі таңда облыстық жасөспірмдер үйінде қанаты қатайып, Шымкенттегі №4 балалар үйінің түлегі Елизаветамен отау құрды. Екі жастың шаңырақ көтеру тойы жасөспірімдер үйінің акт залында жоғары дәрежеде аталып өтілді.
Жасөспірімдер үйінің ұжымы жастарға қолдау көрсетіп, керемет беташар мен той ұйымдастырды.
Беташарда келінге Төлебидегі №2 балалар ауылы басшысының орынбасары Әлия Бейсембаева орамал салып, келіннің бетін Түркістан облыстық білім басқармасының басшы орынбасары Ардақ Садықова Ардақ ашып, жастарға сыйлық тарту етті.
№4 балалар үйі ұжымы Елизаветаға төркін болып, кілем ыдыс-аяқ, көрпе-төсек сынды қыз жасауын әзірледі.
Айта кетейік, Облыстық жасөспірімдер үйінің негізгі мақсаты: 16 мен 23 жас аралығындағы балалар үйі түлектері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдердің, әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау, өз тілектеріне сай қоғамға, оның ішінде еңбек нарығына белсене араласуын қадағалау, жеке қабілеттерін дамытуға жәрдемдесу және кәсіби мамандануын бақылауға алу, жұмысқа орналасуына көмек көрсету.