Әсел автоматты бөлшектеп жинаудан рекорд орнатты

Сарыағашта Әсел Барат есімді АК-74 автоматын бөлшектеп жинақтаудан облыс бойынша рекордтық көрсеткіш орнатқан мектеп оқушысы тұрады. Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізілген салтанатты шарада патриоттық рухта тәрбиеленіп келе жатқан жас буын өнерін ортаға салды.
Солардың бірі Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №70 С. Байғозиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Әсел Барат болды. АК-74 автоматын 11 секунд ішінде бөлшектеп, 24 секунд ішінде жинақтап көпшілікті таң-тамаша етті. Аудан әкімі арнайы алғыс хатын ұсынып, өңірде патриот жастардың өсіп келе жатқанын мақтан етті.
Айта кетейік, Әсел Барат халық қаһарманы С.Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай өткізілген «Айбын – 2024» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңіне қатысып, қыздар арасында АК-74 қаруын бөлшектеп жинақтаудан Түркістан облысы бойынша рекордтық көрсеткіш орнатқан еді.
Облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыстарын бір сәт те тоқтатқан емес.
Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағыттарында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы жұмыстар нәтижесінде биылғы оқу жылын облыс оқушылары үлкен жетістіктермен аяқтады. Халықаралық, республикалық, ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында дарынды балаларымыз 23 алтын, 17 күміс, 20 қола медальға қол жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *