Балық шаруашылығы – өңір экономикасының жаңа серпіні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды саласы болып қала береді. Біз оны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы балық шаруашылығын дамыту – маңызды бағыттардың бірі»-деген болатын.
Мемлекет басшысының бұл сөзі ауыл шаруашылығы саласының жаңа мүмкіндіктерін айқындап қана қоймай, табиғи ресурстарды ұтымды игеру арқылы өңірлік экономиканы әртараптандырудың нақты жолын көрсетеді. Осы бағытта Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуды жеделдету жұмыстары қолға алынды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы жиында балық өсіру көлемін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту, мемлекеттік қолдауларды тиімді игеру және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында өнімділікті арттыру, экспорттық әлеуетті көтеру, кәсіпкерлерге қолдау көрсету сынды басым бағыттарға нақты тапсырмалар берілді.

– Балық шаруашылығын дамыту – облыс үшін маңызды міндет. Балық өсірумен айналысамын деген кәсіпкерлерге қолайлы мүмкіндік жасап, қолдауды күшейтіңіздер. Қазіргі бекітілген 104 су айдынын толықтай зерделеп, нақты нәтиже шығару қажет, – деді облыс әкімі.

Бүгінде өңірде 245 шаруашылық тіркелген, оның 164-і заңдастырылып, толыққанды жұмыс жүргізуде. Тек 2024 жылдың алғашқы 4 айының өзінде 176 тонна кәсіптік балық аулауға рұқсат беріліп, мемлекеттік бюджетке 5,7 млн теңге табыс түскен.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегі бойынша, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемі 20 мың тоннаға жеткізілуі тиіс. 2024 жылы бұл көрсеткіш 7467 тонна деп жоспарланған. Қазірдің өзінде облыс балық өсіру көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұр.

Облыстан балық өнімдерін сыртқы нарыққа шығаратын 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1069,5 тонна балық шет елдерге экспортталған.

Балық азығы мен шабақтар, ғылыми негіздемелер және жабдықтар мемлекеттік субсидиямен қамтамасыз етілуде:

  • Облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінді
  • 2025 жылға дейін 4586 тонна балық азығы мен 500 мың шабақ субсидияланды
  • Республикалық бюджеттен 120,5 млн теңге қарастырылып, оның 3,2 млн теңгесі игерілді

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық шаруашылығына қосымша дем берілмек. 2025 жылға дейін:

  • 71 жобаға 698 млн теңге
  • Жалпы алғанда республикалық және қайтарым қаражатынан 8,7 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Облыс басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне балық шаруашылығын жүйелі түрде дамытуды, жаңа жобалар ұсынуды және өндірілген өнімнің нақты көлемін тұрақты бақылауды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *