Кентауда 4 жолақты І санаттағы автомобиль жолы салынады
Кентау қаласы және оған қарасты ауылдық елді мекендерде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде қала мен ауылдарды қоса алғанда жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайтын 416 көше бар. Өткен жылы 16,5 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 90,5 пайызға жетті.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында бірқатар маңызды көшелерге асфальт жабындысы төселді. Атап айтқанда, Шәкәрім, Байтұрсынов, Сүйіндіков, Ниязов, Жамбыл, Байтереков, Бала Бүргем тұйық көшелері, Кіші Яссауи жаяу жүргіншілер жолы, Ынтымақ алаңының аумағы, Ромах, Құралбаев және Сәтбаев тұйық көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жобалар қаланың орталық және тұрғын алаптарындағы жол сапасын едәуір жақсартты.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылға 201,8 млн теңге қаржы қаралып, оның 74,8 млн теңгесі 2024 жылдан 2025 жылға өтпелі 14 нысанның орташа жөндеу жұмыстарына бағытталды. Сонымен қатар, 106,6 млн теңгенің 95,2 млн теңгесі 2024 жылы Қарнақ ауылындағы жалпы ұзындығы 3,65 шақырым болатын 5 көшеге (Баитов, Үйрек ата, Аз Жәнібек, Нұр, Бумын қаған көшелері) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалды. Қалған 31,8 млн теңге сметалық құны 147,3 млн теңгені құрайтын Хантағы ауылы көшелерін (Қаратау, Иманов, Торлан, Назаров, Тоқаев) орташа жөндеуге бағытталды. Бұл нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасуда.
Облыстық бюджет есебінен Кентау қаласындағы Шахтастрой көшесі және Шахтастрой мүйістеріне 2,35 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жобаға 80,0 млн теңге бөлініп, келісімшарт құны 152,6 млн теңгені құрады. Нысан да 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар, 7 көпқабатты тұрғын үйдің аула жолдарына асфальт жабындысы төселіп, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырылды.
Түркістан – Кентау бағытындағы көлік жүктемесін азайту мақсатында Д.Қонаев даңғылын реконструкциялау жұмыстары 2025 жылы басталған болатын. Ұзындығы 2 350 метрді құрайтын бұл жоба бойынша қазіргі таңда жол негіздері әзірленуде. Жобаның жалпы құны 2 680,1 млн теңгені құрайды. Жолдың ені 16 метр болып, екі жақты жарық бағаналары, екі жақты жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Сонымен қатар, 4 жолақты І санаттағы автомобиль жолы салынбақ.
Ағымдағы жылы қала және ауылдарда жалпы ұзындығы 11,4 шақырымды құрайтын 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде Шоқтас елді мекеніндегі 4,56 шақырымды құрайтын 3 негізгі көше жөнделеді. Қала аумағында 2,91 шақырым болатын Тәжімбетов, Қобыланды батыр, С.Ерубаев, Дулатов, Ерназаров көшелеріне орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, Қарнақ ауылының орталық айналма жолы жаңартылмақ. Хантағы ауылындағы Қаратау, Иманов, Торлан, Назаров, Тоқаев көшелерін жөндеу жобасы 2025 жылдан өтпелі негізде жалғасады.
Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық елді мекендерде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту және қызмет сапасын арттыру бағытында да бірқатар шаралар атқарылуда. Өткен жылы автопаркті жаңарту жұмыстарының нәтижесінде жаңа көліктердің үлесі 85 пайызға жетті. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту, жаңа автобустарды іске қосу және цифрлық басқару жүйелерін енгізу жұмыстары тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
