Кентаудың жаңа келбеті: моноқаладан индустриялық орталыққа

Қазақстанның оңтүстігіндегі өнеркәсіптік шаһарлардың бірі – Кентау қаласы соңғы он жылдан астам уақыт ішінде түбегейлі өзгерістерге ұшырап, жаңа тынысқа ие болды. Бұрынғы кеншілер қаласы бүгінде тек өндірістік емес, мәдениеті дамыған, инфрақұрылымы заманауи, өмір сүруге қолайлы шаһарға айналды. Бұл үлкен өзгерістердің негізін елімізде жүзеге асырылған «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы мен кейінгі жылдары жалғасын тапқан инвестициялық жобалар құрайды.

Моноқала мәртебесінен – жаңару дәуіріне

2012 жылы бастау алған «Моноқалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы Кентау үшін жаңа дәуірдің бастауы болды. Сол уақытқа дейін инфрақұрылымы ескірген, өндіріс қуаты төмендеген қалаға мемлекет ерекше назар аударды. Бағдарлама шеңберінде жыл сайын қала өміріне серпін берген ондаған жоба іске асырылды.

Алғашқы жылдары тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді: көшелер жарықтандырылып, балалар ойын алаңдары орнатылды, ирригациялық және жылу жүйелері жөнделді. 2012 жылғы деректер бойынша, қаладағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым салаларына 235,9 млн теңге инвестиция тартылып, 5,2 шақырым ирригациялық жүйелер күрделі жөндеуден өтті. 18 көше жарықтандырылып, 20 балалар ойын алаңшасы орнатылды. Санитария және көгалдандыру жұмыстарына қомақты қаржы жұмсалып, жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Бұл кезең қаланың көріктенуіне, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне және тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына негіз қалады. Келесі жылдары экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілді. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие мен гранттар ұсынылып, жаңа өндіріс орындары ашылды. Нәтижесінде қалада жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың табысы артты.

Тұрғындарға жайлы орта қалыптасты

Кентаудың орталық және шет аймақтарындағы жолдар жөнделіп, жаңа инженерлік желілер тартылды. Жылу және су жүйелері жаңартылып, тұрғын үйлер мен көпқабатты ғимараттар қайта жөндеуден өтті. Жаңа мөлтек аудандарда электр, су және жылу жүйелері тартылып, тұрғын үй құрылысына жол ашылды.

Қала мәдениеті де назардан тыс қалмады. «Ынтымақ» алаңы мен «Кеншілер» аллеясы қайта жөнделіп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Сонымен қатар, қаладағы спорт инфрақұрылымы да кеңейіп, жаңа спорт залдары, орталық стадион мен жүзу бассейні қайта жөнделді. Қазіргі таңда дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба аяқталған соң тұрғындар үшін жаңа спорт орталығы ашылып, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Білім саласында да айтарлықтай серпіліс болды. Қарнақ ауылында заманауи үлгідегі жаңа мектеп ашылып, ауыл балалары сапалы білімге қол жеткізді. Денсаулық сақтау саласында жаңа емхана мен жедел жәрдем стансасы салынып, қала тұрғындары жоғары деңгейдегі медициналық қызметпен қамтылды.

Сонымен қатар, 2023–2025 жылдары жаңа мөлтек ауданға электр желілерін тартуға 285 миллион теңге бөлініп, жобалар толығымен аяқталды. Мұның бәрі мемлекеттің моноқалаларды дамытуға бағытталған саясатының нақты нәтижесін көрсетеді. Егер 2012 жылы Кентауда тек бір бағыттағы өндіріс басым болса, бүгінде қала экономикасы әртараптандырылып, шағын және орта бизнес иелерінің саны бірнеше есе артқан. 2016 жылға қарай кәсіпкерлікті қолдауға 2,9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 200-ден аса кәсіпкер өз ісін бастаған.

1000-нан астам пәтер пайдалануға берілді

Соңғы он жылда Кентауда тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, жүздеген отбасы жаңа пәтерге ие болды. 2014–2024 жылдары 18 көпқабатты үй салынып, 1000-нан астампәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бұрыннан бар үйлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың сыртқы келбеті мен ішкі жүйелері жаңартылды.

Ауыз су және инженерлік желілер саласында да айтарлықтай өзгерістер болды: ескі құбырлар толығымен жаңартылып, ауылдарға жаңа су жүйелері тартылды. Газдандыру жұмыстары бірнеше кезеңде жүзеге асып, «Бейнеу–Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы Кентау және оған қарасты ауылдар табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бүгінде қала тұрғындарының басым бөлігі көгілдір отынмен қамтылған.

Жылу сапасы жақсарды

Кентау қаласының жылумен қамтамасыз ету жүйесі негізінен «Кентаусервис» МКК-ға тиесілі №5 ЖЭО арқылы жүзеге асады. 1934 жылы іргетасы қаланған кәсіпорынның қондырғыларының басым бөлігі 1950 жылдары орнатылған. 12,9 млрд теңгеге 7–12 қазандықтары толық жаңғыртылып, тозу деңгейі 87,2%-дан 25%-ға төмендеді. Жабдықтар заманауи технологиялармен қамтамасыз етіліп, автоматтандырылған басқару жүйесі орнатылды.

 

Жылу құбырларының жалпы ұзындығы – 169 шақырым, оның 38,2 шақырымы магистралдық, ал 130,8 шақырымы ішкі орамдық желілерді құрайды. 2024 жылы 6,6 шақырым магистралды құбыр жаңартылса, 2025 жылы 14,5 шақырым ауыстыру жоспарланған. Ішкі орамдық желілер кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

Қазіргі таңда орталықтандырылған жылу жүйесіне 14 мыңға жуық абонент қосылған, оның ішінде көпқабатты үйлер, жеке сектор, бюджеттік мекемелер мен коммерциялық нысандар бар.

Өндіріс өркендеді

Бұрын негізінен трансформатор зауытымен ғана белгілі болған Кентау бүгінде көпсалалы өнеркәсіптік қалаға айналып келеді. Индустриялық аймақтың дамуы шағын және орта бизнесті де алға жетелеуде. Кәсіпкерлер үшін жер телімдері, инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Соңғы жылдары қалада инженерлік желілер тартылып, өндіріс орындарына қажетті коммуникациялар толық қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы – тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды қадам. Қала жастары туған жерінде тұрақты жұмыс тауып, біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, кәсіпорындар әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде қала өміріне белсенді араласуда – мектептерге, балабақшаларға қолдау көрсетіп, экологиялық акцияларға қатысуда.

Бүгінде Кентау – моноқала мәртебесінен арылып, аймақтық индустрия орталығына айналу жолында. Индустриялық аймақта жүзеге асқан жобалар – осы бағыттағы нақты нәтижелердің айғағы.

Цифрлармен нақтыласақ, соңғы он жылда Кентау қаласына тартылған инвестиция көлемі бірнеше миллиард теңгеге жеткен. Тек индустриялық аймақта іске асқан жобалардың жалпы құны 35 миллиард теңгеден асады. Бұл көрсеткіш – моноқала мәртебесіндегі шағын шаһар үшін айтарлықтай жетістік. Қазірдің өзінде Кентау индустриялық аймағында 8-ден астам өндіріс орны тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында «Югэлектропривод» (842 млн тг), «Электродеталь» (867 млн тг), «Бесқасқа» (189,5 млн тг), «Темір бетон» (1,2 млрд тг), «СимТас» (600 млн тг) сынды кәсіпорындар бар. Бұл жобалардың жиынтық құны шамамен 3,7 млрд теңгені құрайды. Аталған өндіріс орындары 180-200 адамға жуық тұрақты жұмыс орнын ұсынып отыр. Бұл — Кентау сияқты халық саны шамамен 80 мыңға жуық қала үшін елеулі көрсеткіш. Әркәсіпорын өз саласында маңызды рөл атқарып келеді. Мысалы, «Югэлектропривод» пен «Электродеталь» еліміздің энергетика саласына қажетті трансформатор бөлшектерін шығарып, ай сайын және жыл сайын жүздеген өнім бірлігін өндіреді. Ал, «СимТас» жылына 20 миллион дана керамзитті кірпіш жасап, құрылыс нарығындағы жергілікті сұранысты қамтамасыз етуде. «Темір бетон» кәсіпорны жылына 2500 м³ темір бетон бұйымдарын өндіреді, бұл аймақтың құрылыс саласына үлкен демеу.

Сондай-ақ, «Бесқасқа» компаниясы жыл сайын 200 мың тоннаға дейін асфальт-бетон қоспасын шығарып, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына үлес қосуда. Қала экономикасына серпін беретін ірі жобалардың бірі – «Казойлэнерджи» екенін тағы да айта кеткен жөн. Жобаның құны 27 млрд теңге, қуаттылығы жылына 500 мың тонна тау-кен қалдықтарын өңдеуге жетеді. Бұл кәсіпорын іске қосылған соң 500-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Сонымен қатар, бұл өндіріс экологиялық тұрғыдан да маңызды, себебі кен қалдықтарын өңдеу арқылы табиғатқа түсетін салмақ азаяды. Тағы бір ірі жоба,  жоғарыда атап өткеніміздей – «Айдарстройгрупп». Құны 2,5 млрд теңге болатын бұл өндіріс жылына 400 дана өнеркәсіптік металл құрылымдарын шығармақ. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 150 адамға дейін жұмыс орны ашылады. Сол сияқты «Kentauredstar» компаниясы 1,5 млрдтеңге инвестиция салып, жылына 40 миллион дана дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жоба да қала экономикасын әртараптандыруға бағытталған. Кентауда іске асқан және іске қосылуға дайын тұрған өндіріс орындарының есебінен алдағы екі-үш жылда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш — қаладағы жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетіп, жастарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етпек. Мысалы, 2024 жылы іске қосылған жобалардың нәтижесінде 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2025-2026 жылдары жоспарланған өндірістер толық қуатқа енгенде бұл сан 5 есеге дейін артуы мүмкін.

Моноқалаларды жаңғыртудың нақты үлгісі

Жаңа жұмыс орындары тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрақтылыққа да оң әсерін тигізеді. Кәсіпорындар өз қызметкерлері үшін әлеуметтік пакет ұсынып, кейбірі тұрғын үй бағдарламаларына да қатысуда.

Бүгінде Кентау қаласы Түркістан облысының экономикалық картасында ерекше орынға ие. Қалада индустриялық аймақ толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген: газ, электр, су және жол жүйелері жүргізілген. Бұл инвесторлар үшін қолайлы жағдай туғызып, жаңа жобаларды тартуға мүмкіндік беріп отыр. Қала әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлік басқармасы бірлесіп, 2026 жылға дейін тағы бірнеше өндіріс орнын іске қосуды жоспарлауда. Осы арқылы өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі кемінде 40%-ға өсуі күтіледі. Кентау қаласының даму қарқыны – Қазақстандағы моноқалаларды жаңғыртудың нақты үлгісі. Барлығы дерлік жергілікті және республикалық деңгейдегі қолдау бағдарламаларының нәтижесінде іске асып отыр. Қазірдің өзінде қала экономикасына салынған инвестиция көлемі 35 млрд теңгеден асып, жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылды. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш еселеніп, Кентау Түркістан өңірінің ең ірі индустриялық орталықтарының біріне айналмақ.

Тұрғын үйлер жаңарып, қала көркі өзгерді

Кентау қаласында соңғы жылдары тұрғын үй қорын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде қалада 368көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 334-і қалада болса, ал қалған 34 қалаға қарасты ауылдарда орналасқан. 2014 жылдан бастап қалада көппәтерлі үйлердің күрделі жөндеу бағдарламасы басталды. Сол жылы 79 үй толық жаңартылды. Ал, кейіннен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 288-і толықтай жаңартылып, тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі артты.

Сондай-ақ, тұрғын үйлердің ауласындағы жолдар жөнделіп, балалар ойын алаңшалары орнатылуда. Аулалар абаттандырылып, жарықтандырылып жатыр.

Қала жолдары қанағаттанарлық деңгейде

Соңғы бес жылдың ішінде Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық елді мекендерде жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілді. Бұл бағытқа барлығы 4,58 миллиард теңге қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 106,2 шақырымды құрайтын 185 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала мен ауылдардағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 90пайыздан асты. Жолдардың сапасын арттыруға бағытталған бұл бастамалар тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін берді.

Бұл көрсеткіш Кентау қаласының инфрақұрылымдық жаңғыртулардағы тұрақты саясаты мен жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен еңбегінің жемісі болып отыр.

Жаңа мүмкіндіктер мекені

Кентаудағы бұрынғы экскаватор зауытының аумағы ұзақ жылдар бойы бос тұрған еді. Бүгінде бұл кеңістік қайта жаңғыртылып, өндіріс ошақтарының орталығына айналды. Мұнда «Brownfield KENTAU» еркінэкономикалық аймағы құрылды.

Аталған аймақ «Turan» еркін экономикалық аймағының қосалқы бөлігі болып табылады. Оның басты ерекшелігі – дайын өндірістік және әкімшілік ғимараттардың, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымның толық болуы. Инвесторлар бұл нысандарды ұзақ мерзімге жалға алып, өз жобаларын тиімді іске асыра алады.

Бүгінде аймақта бірнеше ірі кәсіпорындар табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтар болсақ, «Kentau Red Star» ЖШС – клинкер кірпішін өндіру, «Turan Senhua» ЖШС – газ қазандықтарын шығару, «Түркістан Темір Бетон» ЖШС – темірбетон бұйымдары, «Electro Core» ЖШС – электротехникалық жабдықтар, «Kentau Cable Industries» ЖШС – кабель, пластмасса тақталар, құбырлар мен профильдер, «Sayat Technology» ЖШС – суспензиялық сорғылар, «NAURYZ INVEST» ЖШС – жиһаз және металл конструкциялары, «Кентау күштік трансформаторлар зауыты» ЖШС – трансформаторлар мен қосалқы станциялар, «AGL Stroy» ЖШС – металл конструкцияларын өндіру жобаларын қолға алып отыр.

Сондай-ақ, Кентау қаласында бүгінгі күні қуатты газтурбиналық станция салу жобасыжүзеге асып жатыр. Жалпы құны 170 млрд теңге болатын жобаның бастамашысы«Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС.Өндіріс орнының жобалық қуаты 248 МВт, жылу қуаты 160 Гкал/сағ. тең. Құрылыс кезінде 500 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жоба 2025–2027 жылдары жүзеге асырылып, 2027–2047 жылдары пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Осылайша, Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқан өндірістік орталығы – Кентау қаласы бүгінде өңір экономикасының жаңа тынысына айналып отыр. Қала қолайлы географиялық орналасуымен және инвестициялық әлеуетімен ерекшеленеді.

«Brownfield KENTAU» еркін экономикалық аймағы «Хазрет Сұлтан» халықаралық әуежайынан небәрі 27 шақырым, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолынан 25 шақырым, облыс орталығы Түркістан қаласынан 31 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан инвесторлардың да қызығушылығы жоғары. Жалпы аумағы 77,5 шаршы шақырымды құрайды. Инвесторлар үшін мұнда барлық жағдай жасалған: заманауи инфрақұрылым, дайын өндірістік алаңдар, салықтық және кедендік жеңілдіктер, қолайлы логистика – мұның барлығы жаңа жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік береді, — дейді Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов.

Осылайша, Кентау қаласы бүгінде Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Заманауи инфрақұрылым, тиімді инвестициялық саясат пен жаңа өндіріс алаңдарының ашылуы – қаланы нағыз «мүмкіндіктер қаласы» ретінде танытады.

Кентаудың болашағы жарқын

Қазір Кентау – тек өндіріс қаласы емес, мәдениеті дамыған, инфрақұрылымы заманауи, өмір сүруге қолайлы шаһар. Мемлекет қолдауы мен жергілікті халық еңбегінің арқасында қала моноқала мәртебесінен тұрақты даму жолына шықты. Жаңа өндіріс орындары, спорт және мәдени нысандар, жаңартылған тұрғын үй кешендері – барлығы халық игілігіне қызмет етуде.

Кентау – өткен тарихымен мақтанатын, ал болашағына сеніммен қарайтын еңбекқор қала. Индустриялық аймақта іске асқан жобалар өңірдің экономикасына жаңа серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Моноқала мәртебесінен аймақтық индустрия орталығына айналған Кентау – бүгінде Тұрақты даму мен жаңару үлгісі ретінде Қазақстанның оңтүстігіндегі ерекше шаһарға айналды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *