Айымхан апа 10 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, жетілдірген жан
Рахиева Айымхан Төлегенқызы Ордабасы ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Ол 1947 жылы 5-ші қарашада қазіргі Бәйдібек ауданы, Боралдай әкімшілігіне қарасты Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген. «Үлкендердің айтуынша мен бала күннен алғыр болып өсіппін. Әкем Базарбаев Төлеген бірнеше жыл колхоз бастығы болып қызмет еткен кісі. Оны барша ауылдастар құрмет тұтушы еді» деп әңгімесін бастады Айымхан апа.
Айымхан апа өзінен үлкен әпкесі Бибіраушан Төлегенқызы мен оның жолдасы Молыбай Оразалиевтің отбасында тәрбиеленеді. Жанұядағы үлкендердің қызмет бабымен қоныс аударуына байланысты оған бірнеше мектепте оқуға тура келді. Қайда оқыса да үздіктердің қатарынан түспеді. Сыныптастарымен де, ұстаздарымен де жақсы қарым-қатынаста болды. Мектеп мақтанышына айналды. Сайрам ауданы, Қарасу елді мекеніндегі «Орджанкидз» атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Айымхан апа Шымкент Медицина колледжіне оқуға түсті. 1965 жылы «фельдшер мамандығын» алып шықты.
Қыз баласының өмірдегі міндеті ана болып, ұрпақ өрбіту емес пе? Айымхан апа оқды бітіргеннен кейін Рысбек деген азаматын тауып, екеуі сөз байласып, отау құрды. Жолдасының әкесі бір жасында, анасы екі жасында, қайтыс болып кеткен екен. Сондықтан, Айымхан апа жолдасының үлкен ағасы Рахиев Жанибек пен оның жұбайы Шырайгүлдің қолына келін болып түсті. Содан кейін қызмет бабымен Айымхан апа Омск қаласына өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Ал, жолдасы құқық қорғау саласында өз мамандығы бойынша жұмыс істеді.
1973 жылы жас жұбайлар Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекеніне қоныс аударады. Тағдырдың басқа салғанынан адам қашып құтылған ба? Айымхан апаға тағдырдың тартуы солай болған шығар, арқа сүйер азаматынан ерте айырылады. Ол кезде балаларының үлкені әскерден жаңа келген, ал кенжесі – небәрі 2 жаста болатын. Шиеттей он баламен жалғыз қалған Айымхан Рахиева белін бекем буып, өзі еркек, өзі әйел болып әрекет етуден басқа амалы қалмағанын түсінеді.
— Осы күнге дейін оның басымнан адам айтса нанғысыз қаншама қиындық өтті. Түсінгенім, сол кезде оның ешқайсысына да мойымаған екенмін ғой. Алдымда бір ғана мақсаты мен міндетім болды. Ол балаларымды аяқтақ тұрғызу. Соларды адам ету. Осы ойдың жетегінде жүріп, аянбай еңбек етіп, еңсеруге тырыстым. Тек алға ұмтылуды ғана білдім, — деді Айымхан апа.
Айымхан апа мектеп табалдырығында жүргенде қосымша «механизаторлық» мамандығын оқып алған екен. Білімнің артығы жоқ демекші, Айымхан апа машина айдады. Ол кезде әйел адамдары көлік айдамақ түгілі, көліктің алдыңғы орындығына отырмайтын кез ғой. Міне, Айымхан апаның бойындағы алға қарай ұмтылуға арналған арман апаны техниканың тілін де меңгеруге жетеледі. «Балаларым ешкімнен кем болмасын» деді.
Әрине, даланың жұмысы жеңіл емес. Оның дала төсінде шаруашылықпен айналысқан адам жақсы біледі. Аптаптағы ыстығы, үскіріктегі аязы, жан шыдатпайтын ауыр бейнеті Айымхан апаның денсаулығына кері әсерін тигізді. Дегенмен, кейіпкеріміз төсек тартып жатып қалмай, бар күшін бойына жинап жеңілдеу жұмыс көзін іздестіре бастады. Аукционға қатысып, жер сатып алып, «Ай» сауда орталығын, «Ай» тойханасын, «Ай» моншасын ашты. Бүгінде бұл орталықтар ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Айымхан апа бірнеше жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, тұрғындардың да әл-ауқатының көтерілуіне үлес қосып келеді.
Сонымен қатар, қазір Айымхан апаның суармалы егістікпен, жылыжай шаруашылығы, кішігірім «шлакоблок» цехы да бар. Осылайша, күндіз-түні дамыл таппай еңбектеніп, балаларының бәрін де жоғары оқу орнында оқытты. Балалары бүгінде бір-бір мамандық иесі. Балалары да бүгінде өзі секілді шаруаға икемді. Бір-бірімен тату, әрі бауырмал. Айымхан апаның өмірдегі ең үлкен жетістігі міне осы деуге болады. Айымхан апа өте белсенді жан. Ол өз кәсібін ғана дөңгелетіп отырған жоқ. Бүгінде осы өңірдегі қыз-келіншектердің де кәсіппен айналысып, табыс табуына септігін тигізуде. Айталық, кейіпкеріміз қазір аудандық ата- аналар кеңесінің төрайымы, аудандық аналар және Ассамблея кеңесінің мүшесі, аудандық қамқоршылық кеңестің төрайымы, аудандық ардагерлер, әжелер алқасының мүшесі, аудандық мәдениет үйіндегі әжелер ансамбілінің мүшесі, аудандық кәсіпкерлер палатасында іскер әйелдер кеңесінің төрайымы қызметтерін қатар атқарып келеді. Әрине, оның бұл еңбегі де елеусіз емес. 2015 жылы «Үздік кәсіпкері» атанып, бірнеше рет мақтау қағаздарымен, дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталған. «Алтын алқалы» ананың әлемдік деңгейдегі, халықаралық «Алтын қыран» медалі бар. Сонымен қатар, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Ордабасы ауданының құрметті азаматы» медалімен, «Халық құрметі» медалімен марапатталған.
Орайы келгенде Айымхан ападан аудандағы іскер әйелдер кеңесінің атқаратын қызметі жайлы да сұрадық.
— Іскер әйелдер кеңесі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған. Сондықтан, аталмыш кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы болып саналады және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық палата Жарғысына, осы Ережеге және Ұлттық палатаның басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады. Кеңес қабылданатын шешім үшін жариялық, ерікті және Кеңес мүшелерінің тең жауапкершілігі қағидасымен жұмыс істейді. Кеңес құрамы Ұлттық палата Басқарма Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
Сонымен құатар, төрайым мен Кеңес мүшелері өз қызметін тегін негізде жүзеге асырады. Кеңес мүшесі мүшелігін өз еркімен, Кеңес Төрайымына мүшелікті тоқтатуға дейін 15 (он бес) күнтізбелік күн бұрын хабарлама жолдау арқылы тоқтатуға құқылы. Айта кетейік, кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), Ұлттық палатаның мүшелері мен басшылық қызметкерлер, түрлі саласы бойынша сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады. Кеңес құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Кеңес Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері: Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту; Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру; Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру; Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау; Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу; Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу; Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу; Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту.
Қазіргі таңда қолынан іс келетін, бойында икемділігі, бейімділігі басымдау деген ұл-қыз, келіндер, немерелерімді кәсіпкерлікке баулып, ынтасын оятып, ықпал жасап, білгенімді үйретудемін. Әсіресе, әкесінен 2- жасында қалған кенже ұлым Нурғалидің менің барлық кәсібімді меңгеріп, жаныма жалау болып отырған жайы бар. Болашақта одан үлкен үміт күтемін, — деді Айымхан апа.