Ізгілік дәнін сепкен ісмер ана
Шардарада ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүретін ата-әжелер бар. Солардың бірі Гүлбара Асылбекова апамыз. Отағасы Бақтыбай аға екеуі ұзақ жылдар бойына ұстаздық қызмет атқарған Гүлбара апа зейнет жасына шыққан соң қолөнермен шұғылданды. Ширек ғасырдан бері қазақтың ою-өрнегі мен құрақ құрау ісін жанына жақын тұтқан апамыз қаншама отаудың тірлігін жасап берді десеңізші. Сан қилы өнерді бойына жиған қолы алтын Гүлбара апа бүгінде 86 жастан асып отыр.
Иә, осыдан тура 86 жыл бұрын көктемнің тамаша күндерінің бірінде Жұмабек аға мен Дүйсенкүл апаның үйінде тағы бір нәресте дүниеге келген екен.Үшінші перзентінің есімін ата-анасы гүлдей жайнап өссін деген ниетпен Гүлбара қояды. Қызылорда облысының Шиелі ауданында ғұмыр кешкен Жұмабек аға ат баптап мінген азамат болған. Сонымен қатар ұсталықпен де айналысып, аттың ер-тұрманын өзі жасап ала беретін шебер болыпты. Гүлбара апаның бойындағы ісмерлік қасиет осынау әкесінен дарыса керек, сірә. Тағдыр ауыртпалығын Гүлбара апамызға жастайынан-ақ тартқызды. Ол есін білмей жатып аяулы анасы қайтыс болып кетті. Алдындағы үлкен бауырлары кішкентай бөпелерін арқалап жүріп өсірді. Шиелідегі 8 жылдық қазақ мектебінде сауат ашты. 8 сыныпты бітіріп, 16-ға толған кезінде Бақтыбай Асылбеков есімді жігіт апамыздың үйіне кісі жіберіп, өзіне өмірлік жар болуды сұрайды. «Қызымыз әлі жас» дегенге Бақтыбай аға «өзім оқытып аламын» деп уәде береді. Бұйрық деген осы шығар, енді ғана оң-солын тани бастаған бойжеткен өмірінде көріп-білмеген Ташкент жаққа келін болып түседі. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында сырттай оқитын Бақтыбай Асылбеков көзі ашық, заман көшінің алдында жүрген азамат еді. Айтқан сөзінде тұрып, жан-жары Гүлбара апаны өзі оқып кеткен Ташкент педагогикалық училищесіне түсіріп, оны ойдағыдай бітірткізіп шығарады. Қос ұстаз сол кездегі Өзбекстанға қарайтын, бүгінде Сарыағаш ауданындағы Жамбыл кеңшарындағы мектепте еңбек етті. Бақтыбай аға мектеп директоры болса, Гүлбара апа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді.
Асылбековтердің отбасы Шардараға 1969 жылы қоныс аударып келді. Енді құралған ауданның бір түкпіріндегі Нәлібай елдімекенінде жаңадан 8 жылдық мектеп ашылған болатын. Бұған дейін Жамбыл мен Тартоғай ауылдарындағы мектепте директорлық қызмет атқарған Бақтыбай Асылбеков ендігі жерде малшы балаларына арнап салынған С.Сейфуллин атындағы мектеп-интернатының директоры болып ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырды. Тәжірибелі ұстаз жаңа мектепті көркейтуге білек сыбана кірісті. Бақтыбай аға да Гүлбара апа секілді жастайынан жетім қалып, қара жұмыста ширалып өскен болатын. Әсіресе, диханшылық кәсіпті жақсы меңгерген Бақтыбай аға айналасын көгалдандырып отыруға бұрыннан дағдыланған еді. Нәлібайдағы мектептің айналасын да көгертуге қатты күш салды. Аз ғана жылдың ішінде мектептің айналасына шаншыған шыбықтар жасыл желекке айналып шыға келді. Уақтылы күтіп-баптаудың арқасында түрлі тал-дарақтар мен жеміс ағаштары жайқалып өсіп, мектептің маңы үлкен бау-бақшаға айналды. Бұрын-соңды құм ішінде мұндай гүлзар бақ көрмеген адамдар таңқала қарайды екен. Бақтыбай ағаның осынау бақшасы туралы кезінде дарынды қаламгер болған марқұм Оңалбай Еспанов «Құм ішіндегі бақ» деген көлемді мақала жазған еді. Қазақ ССР-інің оқу үздігі болған ұлағатты ұстаз, абзал азамат 1990 жылы өмірден озды. Бақтыбай Асылбековтің өнегелі ісін бүгінде ұрпақтары жалғап келе жатыр.
Бақтыбай аға мен Гүлбара апа оқытқан шәкірттер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүр. Жезқазған қаласындағы драма театрдың әртісі Дүйсенбек Кенжеев, Астана қаласында медицина салсында қызмет атқарып жүрген Бақыт Қоңыратбаева, Алматы қаласында дәрігерлік қызмет атқаратын Нұрсұлу Тұрғынбековалар Гүлбара апайдың қолынан түлеп ұшқан азаматтар. Ал, апайдың тікелей жолын қуып, ұстаздық қызмет атқарып жүргендер қаншама десеңізші. Гүлбара апайдың сүйікті шәкіртінің бірі әрі ізбасары, бірнеше мектепте директорлық қызмет атқарған, бүгінгі таңда аудандық білім бөлімі қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Ұлықбек Жұман әр мереке сайын ұстазының шаңырағына арнайы барып, сәлем беріп шығады. Өзінің анасы Орынкүлмен бір мектепте қызмет атқарған Гүлбара апайы туралы жүректен шыққан ыстық ықыласын былайша жеткізеді:
-Мен С.Сейфуллин атындағы мектепте сауат аштым. Ол мектептің кереметтілігі сол – құмның ортасында тұрып-ақ барлық материалдық-техникалық базасы жетілген мектеп болатын. Қазіргі лингафон, мультимедиялық кабинеттерді біздер сол кезде-ақ көріп қойғанбыз. Мектебіміздің директоры Бақтыбай Асылбеков шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз болатын. Мен бірде мектеп қабырғасының сыртына өзімның атымды әкпен жазғаным бар. Сонда Бақтыбай ағай мені шақырып алып: «дүниеде түзу және қисық жол бар, сен қайсысымен жүруді таңдайсың?» деді. Мен: «әрине, түзу жолмен» дедім. «Онда сенің бүгінгі тірлігің жарамады, сен қисық жолға бұрылып бара жатсың, сенің түзу жолмен қалағаныңды қалаймын» деді. Өз қатемді түсінген мен сол күні сабақтан соң қолыма қайтадан әк шелегін алып, мектептің қабырғасын түгелдей ағартып шыққан едім. Ал, Гүлбара апайдың сабақ өту әдістері, біздерді өзіне баурай білетін қасиетін ешқашан ұмытпаймын. Ұстаздық мамандықты таңдауыма да осы апайым себепші болды. Мен ол кісілердің қолынан дәріс алғанымды әркезде мақтан тұтамын…
Гүлбара апа құрметті зейнет демалысына 1989 жылы шықты. Бірақ, зейнетке шықтым деп қарап отыру ол кісінің әдетінде жоқ болатын. Алдына тігін машинасын алып, құрақ құрастырумен шұғылданды. Осы бір ғажайып қолөнерін бүгінде немерелеріне де үйретіп келеді. 2 сыныпта оқитын Жангүл немересі қазірдің өзінде әжесінің көмегімен жеңіл-желпі тігіндерді өзі тіге береді. Құрақтың түр-түрін құрастырып тігетін Гүлбара апаның үйі мұражай секілді. Апаның тағы бір қыры – жүректі шымырлатқан көңіл-күйін өлең сөзбен өрнектеп, ақ қағазға түсіріп отырады. «Әке мейірі», «Келінге тілек», «Қазағым – мақтанышым» деп аталатын өлеңдері кез келген ақындардың шығармасынан кем түспейтін дүниелер деп айтар едік.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей Гүлбара апа мен Бақтыбай аға екеуі өмірге 6 ұл, 4 қыз әкелді. Оарды оқытты-шоқытты, өз алдарына үй қылды. Үлгілі отбасында тәлім-тәрбие алған перзенттері әулеттің атына кір келтірместен, ата-ана сенімін ақтап келеді. Осынау 10 ұл-қыздан Гүлбара апа бүгінде отыздан астам немере, елуден астам шөбере сүйіп отыр. «Ұл-қызың – өрісің» демекші, балалардың арқасында құда-жекжат арттырды. Бір шеті сонау Торғай өңірі, мына шеті Алматы мен Шымкент арасында Асылбековтер отбасымен құдандалы болған азаматтар бар.
«Жазмыштан озмыш» жоқ деген сөз бар. Өмір тек қуаныштардан тұрмайтыны белгілі. Әулеттің асқар Алатауына айналған Бақтыбай аға бақилық болған соң қатал тағдыр тағы да қайғысын тосумен болды. Бауыр еті – перзенттерінің 5-еуі о дүниелік болып кетті. Алланың басқа салғанына көнбеске амал жоқ. Бұл сынақтарды Гүлбара апа мойымай көтерді. Қажыр-қайратының арқасында басқа түскен ауыртпалықтарға қарсы тұра білді. Шаңырақтың ұйытқысы болып, өмір көшін әрмен қарай жалғасытырып отырды. Апаның сыйлас сіңлісі, Шардара қаласының көркейіп-гүлденуіне сүбелі үлесін қосқан азаматың бірі Сәуле Беркімбаева Гүлбара апаның беріктігі мен дархан пейіліне әркезде-ақ тәнті болып отырады.
Гүлбара апа бүгінде кенже баласы Еламанның шаңырағында тұрады. Ұл-қыздары мен немерелері апаның көңілін аулап, әрқашан да жанынан табылады. Балалар бас қосқан сәтте шаңырақтың іші шаттыққа толып сала береді. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дегендей, олар апаның қасында өздерін бақытты сезінеді. Жуырда ғана шөпшегінің қолынаан май жалап, батасын берді.
Гүлбара апа ел мен жердің, ұрпақтарының амандығын Жаратқаннан сұрап, бүгінгідей бақытты күнге шүкіршілік айтып отырған жайы бар. Біз де көптің тілегіне қосылып, апаға «тойыңыз тарқамасын!» деген ізгі тілегімізді білдіреміз.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы.