Шардарада бұған дейін мүлдем тазаланбаған арық-атыздар аршылды
Шардара ауданында ағын су жүйелері жаңартылуда. Айта кетейік, өңірдегі су жүйелері соңғы рет жарты ғасыр бұрын тазаланған болатын. Арық-атыздардың табаны лай бақпаққа толып қалған.Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына іссапарында Көксу ауылдық округінің шаруаларымен кездесіп, онға жуық ауыл орналасқан бұл аумақтағыкоммуналдық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстарын қадағалады. Бұл каналда 30 жылдан астам уақыттан бері алғаш реш тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Шаруалар су жүйелерінің тазаланғанына дән риза. Облыс әкімі жергілікті шаруалармен кездесіп, ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары жылдар бойы қараусыз қалған су арналарының өткен жылдан бері тазаланып жатқанына алғыстарын айтты.Тазалық жұмыстары бітсе, жердің құнарлығы артады. Көксу ауылында 500 гектардай жер іске қосылады. Жердің құнары артады. Өнімді де мол алуға болады.
Айта кетейік, Шардарадағы аталған ауылда 235 шақырым қашыртқыны тазалау жоспарланған. Ол жұмыстарды «Тұран су» ШЖҚ МКК бастап кеткен. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен 2023 жылы Түркістан облысындағы су нысандарын қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 4 млрд.теңге бөлінген. Оның ішінде ұзындығы 70 шақырым болатын 10 канал күрделі жөндеуден өтеді. 18 шақырымды құрайтын 6 қашыртқы толық қайта қалпына келтіріліп, үшеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 12 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі және милиоративтік жағдайы жақсарады.
2024 жылға ұзындығы 63 шақырым болатын 11 канал күрделі жөндеуден өтеді. Ұзындығы 488 шақырым су арналары механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы Шардара ауданында 959 шақырым су арналарын механикалық тазалау жоспарланған.