Ассамблеяның атқаратын жұмысы ауқымды
Кез келген мемлекет үшін татулық, бейбітшілік бірінші кезектегі маңызды дүние болып табылады. Сол секілді Қазақстанда тұрғындар арасындағы ынтымаққа, бірлікке ерекше мән беріледі.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында 1195 жылдың 1-наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблея біздің халқымыздың, елімізді мекендеген этнос өкілдерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына ықпал ететін және олардың ынтымағын мен бірлігін нығайтуға үлес қосатын ұйым, Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бөлшегі болып табылады. Ол барлық этностардың мүдделерін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының мінсіз сақталуын қамтамасыз етеді.
Ұлттар арасындағы бірлік пен татулыққа, достыққа ерекше мән беретін елімізде Қазақтан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері ынтымақты ғұмыр кешіп, еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын — этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында — Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.
Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда облыста Ассамблея жанындағы 11 этномәдени бірлестік, Ақсақалдар, Аналар, Медиация кеңестері елеулі мәселелерді талқылаудың, сындарлы шешімдер қабылдаудың әмбебап диалог алаңына айналды. Өңірімізде жылдар бойы қалыптасқан этносаралық бірлік пен татулық үлгісін сақтау олардың басты мақсаты.
Бүгінгі таңда өңірде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіліп отыр. Облыста мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 95 пайызды құрайды. Ал этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін меңгергендердің саны 74 пайызға жетті. Облыста қазіргі таңда 17 тілдерді оқыту орталығы бар, оларда 1600-ге жуық тұрғын мемлекеттік тілді үйреніп жатыр.
Міне, бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін айқындап, дәлелдеп қана қойған жоқ, одан әрі өрлеу үстінде. Елдің ынтымағы мен бірлігін бекемдеу үшін жасалған осындай игі істер алдағы уақытта да өз жемісін береді деп сенемін.
Реті келгенде айта кетейік, Сайрам өңіріміздегі көпұлтты аудандарымыздың бірі болып табылады. Бүгінде мұнда тұратын этнос өкілдерінің 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олардың өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан этнос өкілдері жетерлік.
Александр УТВЕНКО,
неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы.
Сайрам ауданы.