Бірлігіне тірлігі сай сайрамдықтарды өзгелерге үлгі етті

Сайрам аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғаның 300 жылдығына арналған «Қазақ даласындағы тойтарыс» атты тарихи- танымдық сағат өткізілді.

Оны Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәди Нұрлыбаев ашып берді. ХҮІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде жоңғар шапқыншылығынан қазақ халқы өз тарихындағы аса ауыр зобалаңға тап болып, адам айтқысыз қасіретті жылдарды бастан кешірді. Қазақ тарихындағы ұмытылмас «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи кезеңге арналған «Ұлы даланың ұлы қасіреті» атты бейнебаян көрсетілді. Шара барысында Абылай хан атындағы жалпы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанар Нурбекова тарихи оқиға жайлы баяндама оқып, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Жас кітапханашы Ардақ Әжімұқан мен кітапхана оқырмандары қазақ ақын-жазушыларының туған жер тақырыбында жазылған туындыларын жатқа оқыды. Кітапханашы Бақыт Ақылбаева кітапхана қызметкерлерінің алдын ала дайындаған  «Тарихы жоқтың — тамыры жоқ» атты тақырыптағы кітап көрмесін таныстырды.

Сайрам ауданы өңіріміздегі көпұлтты мекенге жатады. Мұнда 40-тан астам ұлт пен ұлыстың өкілі өмір сүруде. Сондықтан шара аясында елді бірлік пен татулыққа шақыратын әңгімелер де айтылды. Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Разия Бекахметова, Ақсәуле Нұртаева, Досжан Дүйсебаев еліміздегі бейбітшілікті насихаттайтын жырлардан шашу шашты. Ауданда бірнеше этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың мақсаты түрлі ұлт пен ұлыстың тілі мен дәстүрін сақтап, дамытуына жағдай жасау болып табылады. Шарада бірнеше этномәдени бірлестіктің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

Мұнан кейін Сайрам ауданының Құрметті азаматы Әлібек Байназаровқа, ақын-жазушы, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Әбдірахым Пратовқа, Сайрам ауданы «Қоғамдық келісім» филиалының басшысы Базарбай Айтбаевқа, Сайрам аудандық мемлекеттік архивінің басшысы Ақбота Табироваға сөз берілді. Олар өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің өзара берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт елдің берекесін айрандай ұйытып отырғанын мақтаныш етті.

Кеш соңында Сайрам аудандық орталық кітапхана директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлжан Төлегенқызы іс-шараның мақсаты, оқиғаның тарихтағы орны мен маңыздылығына тоқталып,  жас ұрпақты кітап оқуға баулу, қызығушылығын арттыру керектігін сөзге тиек етіп, іс-шараға келген оқырмандар мен қонақтарға алғысын білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *