Түлкібас ауданында тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 99,8 пайызға жетті
Түлкібас ауданында 61 елді мекеннің 21 135 тұрғын үйі 99,8 пайыз табиғи газ жүйесімен қамтылған. Жалпы Түлкібас ауданы табиғи газбен қамтылу жұмыстары бойынша облыста алғашқы орындарының қатарында. Дегенімен, табиғи газ жүйесімен қамтылмаған 1 елді мекен экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып табылған (Қайыршақты — 45 адам 10 үй).
Айта кетейік, Түркістан облысында былтыр 115 мыңнан астам тұрғын газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бір жылда 62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, газбен қамтылған елді мекендер саны 513-ке жетті. «Облыстың стратегиялық даму жоспарына сәйкес және газ ресурсының мүмкіндігін ескере отырып, 2030 жылға дейін облыстың елді мекендерін 100 пайыз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар» дейді сала мамандары.