Талшынның талабы күшті
Созақ ауданында мемлекеттік қолдаулардың арқасында кәсіп ашқан азаматтар қатары артып келеді. Солардың бірі – шолаққорғандық кәсіпкер Талшын Сатыбалды. Ол өткен жылы аталған жоба арқылы 1 млн. 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, аудан орталығынан массаж салонын ашқан болатын. Бүгінде әйелдер мен балаларға емдік массаж қызметтерін көрсетеді. Кәсіпкер 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, орталықта массаждан бөлек, хиджама, шугаринг, сатху терапевт және маникюр қызметтері бар.
— Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарының кәсіп бастауына үлкен көмек. Бүгінде орталықта ауыл тұрғындарына түрлі қызметтер көрсетіліп жатыр. Кейде тіпті тұрғындар алдын ала жазылып келеді. Өзім бұл салада үш жылдан бері еңбек етіп келемін, ал, орталықтың ашылғанына бір жыл болды. Мен алдымен арнайы курсты оқыдым, ал қазір массаж сабақтарын өзім өткіземін. 40-қа жуық шәкіртім бар. Орталықтағы қызметкерлердің ай сайынғы табысы 200-300 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта осы кәсібімді дамыту мақсатында мемлекеттен қосымша гранттар бөлініп жатса, тағы да қатысу жоспарымда бар. Cондай-ақ, соңғы үлгідегі заманауи аппараттарды алып, кәсібімді одан әрі дамытуды көздеп отырмын, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, өңіріміздегі әйелдер қауымы тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.