Жұма намазына жиналған жамағат ауызбіршілік, тату-тәтті тіршілік кешу туралы әсерлі әңгіме тыңдады
Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов Ханқорған ауылындағы «Мәдени» мешітінде Жұма намазын өткізіп, жамағатпен жүздесті. Уағыз-насихат айтты. Бас имам уағызында жамағатты күнә атаулыдан мейлінше сақтандырып, Алла тағаланың пенделерінің ізгілік амал атқарып, көбірек сауап істер жасауы үшін кейбір күндер мен түндерді басқаларынан артып етіп қойғанын жеткізді.
Сонымен қатар, асыл дінімде садақа берудің де маңызы зор екенін айтты. «Берілген әрбір садақаның өзіңізге екі еселеніп қайтатынын біліңіз. Сол арқылы отбасыңызға, кәсібіңізге береке кіреді. Ал, оның ақыреттегі сауабын Алла береді, —деді Арыстан Оспанов.
Қиналған жанға берілген көмек пен мешіт-медресе құрылысына жұмсалған қайырымдылық адамдардың өзі үшін қайырлы екенін жеткізді. Сонымен қатар, бас имам тұрғындар арасындағы ауызбіршілік, тату-тәтті тіршілік кешу турасында да әңгіме қозғады. Және осы мәселеге басымдық беруге тырысты. Көпұлтты тұрғындары бар ауданда мұның маңызы ерекше екеніне тоқталды.
Арыстан Оспанов ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірім мен рақымға толы өмірінен мысалдар келтіріп, оның әрбір сөзі мен ісі мейірімділіктің аясында өрбігені туралы да әсерлі әңгіме айтты. «Үмбетінің басына келген әрбір қиындық Алла елшісінің жүрегіне қатты батып, оларға ерекше жаны ашитын. Олардың осы дүниедегі қияметке дейінгі тағдырларына қатты алаңдаған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы демі шыққанша «үмбетім, үмбетім» деп, дұға етіп әрі ақыретте де оларды қорғаштады» деді ауданның бас имамы.
Жұма намазына жиналған жамағат бір-бірін Пайғамбарға лайық үмбет болуға шақырып, еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілеп, дұға жасады.