Сәби сүюге «экомед» көмектеседі

«Өмірдің бір қызығы – бала деген» демекші, әрбір жанның жүрек түкпірінде шаңырақ құрғаннан кейін балалы болып, ұрпақ жалғастыру арманы тұрады. Дегенмен, бұл бақыт барлығына бірдей бұйыра бермейтіні де шындық. Осындайда дамыған медицинаға жүгініп, сәби сүюді аңсап жүрген жұптарға зор мүмкіндіктердің берілгені көңілге үміт сыйлайды. Қазақстандағы алғашқы экстракорпоральды ұрықтандыру зертханасы мен «Экомед» клиникасы 1995 жылы ашылған. Оның негізін қалаған репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова. Бүгінде «Экомед» клиникалар желісі Түркістан қаласында 2021 жылы ашылып, өз науқастарын қабылдауда. Осы орайда клиниканың директоры, репродуктолог дәрігер Раманова Сандуғаш Тілеулесқызымен сұхбат құрған едік.

Сандуғаш Тілеулесқызы, клиника қызметіне толығырақ тоқталсаңыз.

— Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда бедеулікті емдейтін алғашқы «Экомед» клиникасы 1995 жылы ашылып, сол уақытта клиниканың білікті мамандары еліміз үшін басты ғылыми жаңалық – денеден тыс ұрықтанған эмбрионды жатырға тасымалдауды сәтті жүзеге асырды. Нәтижесінде 1996 жылы аңсаған сәби дүниеге келген болатын. Сол кезде қаншама мұңайып жүрген отбасылардың үміт оты қайта жанып, өмірге деген құлшыныстары байқалды. Бүгінде елімізде осы тәсілмен 4000 астам бала өмірге келді. Және де ең қуаныштысы, эко арқылы келген сәбилер өздері ата-ана атанып отыр.

Енді міне, Түркістанда да өз клиникамыздың ашылғанына үш жыл болды. Осы уақыт аралығында 500-ден аса әйелдер ана бақытына бөленді. Яғни 100-ден аса науқас эконың көмегіне жүгінсе, 400-ден астамы тиісті ем-домын қабылдап, табиғи жолмен ана атанды. Мұнда сондай-ақ білікті уролог-андролог қызмет етеді, яғни несеп-жыныс жүйесі, бедеулік ауруларымен ауыратын науқас ер адамдарды қабылдап, тексереді және емдейді.

—  Осы орайда квотаға кімдер кезекке тұра алатынын және де сіздерге жүгінген жұптардың балалы бола алмауының жиі кездесетін себептері қандай екенін айта кетсеңіз.

— Квотаға AMG гормоны 1-ден жоғары, УДЗ тексеруінде аналық без фолликулдары 6, бір жылдан бері бала көтере алмаған немесе бір сәбиден кейін көтере алмай қалған жұптар жүгіне алады. Жалпы мұнда келген әйелдерде жиі кездесетін негізгі себептердің бірі – жатыр түтіктерінің бітелуі, яғни жұмыртқаның жатырға кіруіне мүмкіндік берілмейді, сондықтан бұл әйелдердегі бедеулік жағдайларының 40% -ына әсер ететін мәселе. Дені сау әйелдерде фаллопиялық түтіктердің қызметі аналық бездерден жатырға жұмыртқаны тасымалдау болып табылады. Әйел жүкті болуы үшін түтіктердің кем дегенде біреуі ашық қалуы керек.  Осыларды анықтаудың және емдеудің маңызы зор.

Ал ер адамдарда варикоцелле (варикоз тамырларының, артық тамырдың көп болуы), простатит аурулары кездеседі. Уақытылы емделмесе ұрық санының сапасының төмендеуіне алып келеді, ерлі-зайыптылар осындай себептермен клиникаға жиі келеді.

Қарап тұрсақ, қиын жағдайларға қарамастан бала сүюге мүмкіндік беріліп отыр, ал дәл осы медицина жолымен ұрықтануда да жолы болмай қалуы мүмкін бе? Бірінші талпыныстан бала көтеріп кету үлесі қанша?

— Әрине, кей адам бірден бала көтере алмауы мүмкін. Белсендендіруді бірнеше рет қайталауға тура келеді. Мұнда 80 пайыз ұрықтың сапасына байланысты. Біз күйеуінен алынған сперматозоид пен анадан алынған ұрықты қосамыз, яғни әйел ағзасында қосыла алмаған аналық және аталық ұрықтарды сыртқы ортада біріктіріп, жатырға саламыз. Сондықтан да, бұл процесті «Денеден тыс ұрықтандыру» деп атаймыз, бұл процесте эмбрион пайда болады. Эмбрион сапасы жақсы болса ары қарай алып кетуі ықтимал. Сапасы төмен болса, өкінішке қарай бірден пайда болмайды. Біз қолданатын әдіс көп. Бала көтерту үшін басты себепті біліп, сол бойынша жұмыс жасаймыз. Біз бірнеше эмбриондарды дайындап аламыз, яғни  криоконсервациялаймыз — бұл ооциттерді, тіндерді, эмбриондарды немесе ұрықты мұздату мүмкіндігі. Бірінші мүмкіндіктен бала болмаса, УДЗ-ға түсіреміз, жатырдың жағдайы жақсы болса келесісін салып көреміз. Жатырда ауытқулар болса, араға 3-4 ай салып бақылаймыз.

Жасанды ұрықтандыру деген ұғымға біздің қарапайым қазақы орта үйрене ала ма, сенімді қарай ма, ол сәби басқалардан ерекшеленіп тұрмай ма, оларға ерекше күтім қажет пе деген сан түрлі сұрақтар кім кімді де мазалайтыны рас. Осыған тоқтала кетсеңіз.

— Иә, рас айтасыз. Біздің ортамыз әлі де мұндай тәсілге қырын қарайды, үйренбеген десе болады. Мұнда келушілердің арасында ұялатын, жасыратын отбасылар бар. Клиникаға келген ерлі-зайыптыларды біз толық тексеруден өткіземіз, тиісті ФСГ, АМГ, ЛГ, пролактин, түтік өткізгіштігін тексеру үшін ГСГ (гистеросальпингография), ер адам спермограмма анализдерін тапсырады. Мұны өз поликлиникаларында тегін, ал бізде ақылы түрде өте алады. Негізі бұл «Экомедті» емдеудің бір түрі деп қарау керек. Аталған анализдерден соң емделушілерді «табиғи жолмен көтеруге мүмкіндігі бар ма, тек қана эко арқылы ма» деп саралаймыз. Мүмкін болса 2-3 ай емдеп көреміз. Кейде себебін түбегейлі тексермей, бір гинекологқа барып емделіп жүре беретін, болмаса әулие аралап, уақытын өткізіп алып, 40-тан асқанда, ұрық саны кеміп немесе таусылғанда келетіндер бар.

Эко арқылы көтергеннен кейін бізде жүктіліктің 12 аптасына дейін толық бақылауда болады. Жасанды ұрықтандырудан кейінгі жүктілік те қалыпты ұрықтанудан кейінгідей жүреді. Жүктілік үш кезеңді қамтиды. Алғашқы кезеңде сәбидің негізгі органдарының қалыптасу процесі жүреді және УДЗ-да баланың жүрек қағысын естуге болады. Болашақ анада қан аралас бөліністер байқалса, патологиялық процестің белгісі болуы мүмкін. Осы кезең қауіпті болып саналады. Өйткені осы кезде әйел ағзасы қандай да бір ауытқу салдарынан ұрықты қабылдамай қоюы ықтимал. Сондықтан неғұрлым ерте дәрігердің бақылауында болған дұрыс.

Екінші кезеңде ұрықтың пішіні қалыптасады. Осы кезде біраз тексеру мен талдаулар тағайындалады. Ол жатырдағы ұрықтың ахуалын анықтау үшін қажет.

Міне, осылай айы-күні жеткенше уақытылы тексерулерден өтіп, кесарь тілігіне көрсеткіш болмаса, кәдімгі әйелдер сияқты босана алады. Мұның табиғи жолмен босанатындарға қарағанда ешқандай айырмашылығы жоқ. Сәби де ешкімнен ерекшеленбейді, қайта күтімі жақсы болғаны ана мен балаға да пайдалы. Ары қарай емізу процестері жалғасады.

Айта кету керек, дүниежүзілік ғалымдар ЭКО арқылы туған балалардың денсаулығын жылдар бойы толық зерттеп, осы әдіс балалардың денсаулығына еш зиянын тигізбейтінін дәлелдеген соң, 2010 жылы ғана биолог Роберт Эдвардсқа Нобель сыйлығы берілген.

Босану барысында қиындықтарға ұшырап, жатырын алып тастаған жағдайда, ары қарай әйелде ЭКО-дан басқа қандай бала сүю мүмкіндіктері бар?

—  Егер еркектің өз әйелінде мүмкіншілік болмаған жағдайда донордың көмегіне жүгінуге тура келеді. Бала көтеруге қарсы көрсеткіштері бар әйелдер де кездеседі. Ондай жағдайда әйелдің өз күйеуінің ұрығымен шағылыстырылғаннан пайда болған эмбрионды суррогатты ананың құрсағына салып береміз. Эконың бұл жағдайға да мүмкіншілік беріп отырғаны медицинаның қарқынды дамып жатқанын дәлелдейді.

Әңгімеңізге рахмет, әр отбасының үміті үзілмесін!

Несібелі Иманқұлова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *