Рыс әжеге құрмет көрсетілді
Отбасы күні қарсаңында «Фараб» кітапханасының қызметкерлері Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері, «Жүз жаңа есім» төсбелгісінің иегері, «Алтын оймақты әже» атанған ісмер Ташметова Рыс әженің шаңырағында болып, әженің тағлымды әңгімелерін тыңдап қайтты.
Өнегелі өмірінің сексен бесінші баспалдағына келген Рыс әже немере, шөберелерінің қазынасы ғана емес, ұлтымыздың ұйытқысы. Рыс әженің ісмер қолынан шыққан төл тума өрнектерін насихаттау, бойымызға сіңіру сіз бен біздің азаматтық парызымыз.
Әулетінің алтын діңгегі Рыс әже бүгінде 6 перзенттен 26 немере, 55 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр. Қоғамдық өмірде де белсенді әже Түркістан қаласы ардагерлер кеңесі, қалалық әжелер кеңесінің мүшесі, сонымен қатар, Түркістан қалалық орталық кітапханадан ашылған «Замандас» клубының төрайымы болып қызмет атқарып келеді.
Түркістан қаласында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасы» ұйымының құрылғанына 10 жылдан асты. Жалпы Түркістан өңірі – ұлттық дәстүрді ұлықтаған киелі мекен. Күнгей өлкенің әрдайым ынтымағы ерек, бірлігі мығым. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін асыл әжелердің орны мен рөлі қашан да ерек болған. Бүгінде өңірімізде облыстық ардагерлер кеңесі, оның ішінде Әжелер ұйымы жаңаша бағытта жұмыстар атқарып келеді.
Орайы келгенде айта кетейік, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің негізін 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестеріне біріктірілген 536 бастауыш (ауылдық) ардагерлер ұйымы құрайды. Онда 140 855 ардагер немесе облыстағы зейнеткерлердің 78,4%-ы есепте тұрады. Облыстық ардагерлер кеңесінде жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, салауатты өмір салты, елдің ынтымағы мен бірлігі, ардагерлердің әлеуметтік жағдайлары және өзге де өзекті мәселелер қаралады. Облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан қабылданған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында негізгі 8 бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Ұлттық және адами құндылықтарды әрбір отбасына сіңіру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, дау-дамайларды шешу мақсатында облыстағы 902 мектепте «Әкелер мектебі», 528 елді мекенде «Әжелер алқасы» жұмыс істеп келеді. «Дәнекер» пилоттық жобасы бойынша 21 кәсіби, 399 қоғамдық медиатор-ардагер танымдық-тәрбиелік жұмыстар жүргізуде.
Ардагерлердің өмір сүру сапасын көтеру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, қарттардың әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын жақсарту және қоғам өмірінің әртүрлі салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылуда. Іс-шаралар жоспарының аясында Арыс, Кентау, Түркістан қалаларында, Жетісай (2 орталық), Келес, Түлкібас, Ордабасы, Шардара, Созақ, Отырар, Төлеби, Мақтаарал аудандарында жаңадан ғимараттар салынды және бұрынғы тойхана, мейрамхана ғимараттары «Ардагерлер орталығы» болып қайта жаңғыртылды. Бұл орталықтарда ардагерлер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған, емделуге, демалуға, спортпен және дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалған. Бұл бастама қалған аудандарда да жалғасын табуда.
Жалпы жасы үлкенді сыйлау, қадірлеу, құрмет көрсету – ұлтымыздың қанына сіңген қасиет. Елімізді дамытуда, Түркістан өңірін өркендетуде, жастарды тәрбиелеуде Рыс әжеміздей ардақты аналарымыздың қосар үлесі мол.