Көбей қазақ
Елімізде біраз жылдан бері қыркүйек айының әр екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтілуде. Биылғы жылы Отбасы мерекесі 8 қыркүйекке тұспа-тұс келді. Отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Мемлекет «кіші мемлекет» аталған сан мыңдаған отбасылардан құралады. Әр шаңырақ, әрбір отбасында дүниеге келіп жатқан сәбилер еліміздің демографиялық ахуалына оң ықпал етіп, халықтың өсімін, демографиялық саясатты қалыптастырады.
Бүгінгі таңда еліміздегі һәм облыстағы демографиялық ахуалымыз қалай қалыптасуда, табиғи өсім қай деңгейде. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті берген мәліметтерге қарағанда біршама оң нәтижелер бар.
Биылғы 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша Түркістан облысы тұрғындарының саны 2150,8 мың адамды құрады. Атап айтқанда, қалаларда 533,3 мың адам, ауылды елді мекендерде 1617,5 мың адам тұрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыста халық саны 17,2 мың адамға немесе 0,8 пайызға өскен. Халықтың табиғи қозғалысы туралы тарқатып айтар болсақ, 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында облыс халқының табиғи өсімі 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға кеміді, яғни 21506 адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 20,11 құрағанын ескерте кетейік. Биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында облыс бойынша 26499 нәресте дүниеге келген. Мұның өзі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға кем. Енді оның қаншасы ұл, қаншасы қыз дегенге келсек, дүниеге келген сәбилердің басым бөлігін ұл балалар құрап отыр. Дәлірек айтсақ, осы кезеңде 13855 ұл бала,12644 қыз бала дүниеге келген. Яғни, 1000 қыз балаға 1096 ұл баладан келеді. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 24,78 туылғандарды құрады.
Қарастырылып жатқан кезеңде қайтыс болғандар саны 4993 адамды құрады, бұл 2023 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 1,8 пайызға көп. Жалпы қайтыс болғандар санының 52,3 пайызы немесе 13855 адам еркектер. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 4,67 қайтыс болғандарды құрады.
Қан айналымы жүйесі аурулары өлімнің басты себептерінің бірі болып тұр. Олардың үлесіне барлық тіркелген өлім оқиғаларының 22 пайызы тиесілі болса, тыныс органдары ауруларынан 9,3 пайыз, жазатайым жағдайлардан, уланудан және жарақаттанудан 7,8 пайыз, қатерлі ісік ауруларынан 6,7 пайыз адам қайтыс болған.
2024 жылдың жарты жылында облыс бойынша 1 жасқа дейінгі 208 нәресте шетінеген, бұл 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7,6 пайызға кем. Нәресте өлімі дүниеге аман-сау келген 1000 сәбиге шаққанда 7,85-ті құрайды. Нәрестелер өлімінің ең көп тараған себептері – перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар екен. Одан 2024 жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында 67 нәресте шетінеген. Бұл 1 жасқа дейінгі барлық өлімнің 32,2 пайызын құрап отыр.
Халықтың көші-қоны да демографиялық жағдайға әсер ететіні мәлім. «Айталық, өткен жылғы қаңтар-маусым айлары аралығында Түркістан облысына тұрғылықты тұруға келгендердің саны 28211 адамды (облыс ішіндегі көші-қонды есепке алмағанда), кеткендердің саны 41093 адамды құрады. Бұл көші-қонның айырмашылығы 12882 адам (теріс) болды. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда иммигранттардың саны 11998 адамға өсті немесе 74 пайызға, эммигрантардың саны 17182 адамға немесе 71,9 пайызға өсті
Халықаралық ағымда ТМД елдерімен алмасудың басымдығы байқалады. ТМД елдерінен ең көп иммигранттар ағыны Өзбекстаннан (81,7%) және Ресейден (10,8%) орын алды. Ал, 56,9 пайыз кеткендер Өзбекстанға қоныс аударғандар» дейді Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының бас маманы А.Мырзабаев.
Жоғарыда халық санының өсуіне оң ықпал ететін ынтымағы жарасқан, берік отбасылар екенін айтып өттік. Осы ретте елімізде және облыста некелесудің жайы қалай деген мәселеге келсек. Үстіміздегі жылдың 8 айында елімізде 43 мың жұп некелесіп, 265 мың сәби дүниеге келген. Осы жылдың 8 айдың ішінде ең көп некелесу Алматы қаласында тіркеліпті. Бұл өңірде – 14 059 жұп тіркелсе, екінші орында Астана – 9 258, үшінші орында Түркістан облысы – 6 132 неке заңдастырылған. Ажырасу санынан да көш бастап тұрған Алматы мен Астана. Жыл басынан бері 13 710 отбасы ажырасуға ниет білдірді.
Ең көп туу көрсеткіші Түркістан облысында тіркелді.8 айда елімізде 43 мың жұп некелесіп, 265 мың сәби дүниеге келген. Айта кетейік, ағымдағы кезеңде ең көп туу көрсеткіші Түркістан облысында – 30 973, Алматыда — 29 002, Шымкентте – 23 935 және Астанада – 23 330 бала тіркелді. Ал, Ұлытау облысы – 2 821, Солтүстік Қазақстан облысы– 4 313 көрсеткіштерімен туу көрсеткіші төмен өңірлер болып есептеледі.
Сонымен қатар, бас маманның айтуынша , неке қию туралы өтініш 15 күнтізбелік күн бұрын берілу керек. Аталмыш қызмет электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы онлайн режимінде қолжетімді. Жас жұбайлар АХАТ бөлімінде некелерін салтанатты түрде қиятын болса, қосымша қызметке тапсырыс бере алады. Бүгінгі таңда бұл қанатқақты жоба Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Ақмола (Щучинск, Бурабай) қалаларында облыстарында жүзеге асырылған.
«Оттың басы аман болсын» деуші еді ілгеріде үлкендер. Иә, отбасы мемлекетің басты құндылықтарының бірі де бірегейі. Ал, Адам капиталы оның баға жетпес байлығы. «Әр қазақ жалғызым» (СабырАдай). Күн сайын дүниеге келіп жатқан әр сәби Мемлекеттің демографиялық өсіміне қосылып жатқан үлес. Жуырда Кентауға қарасты Хантағы ауылылында Ермахановтар отбасында үшемдер дүниеге келді. Үшемдерді дұниеге әкелген алтын құрсақты ана – Бақытгүл Саттархан. Жолдасы Ерлан Ермаханов екеуі бұған дейін бір балалы болсағ мәне енді бұл шаңырақта Аңсар, Аслан, Бағым есімді 4 бірдей бала өсіп жатыр. Ерлан мен Бақытгүл алғашқы сәбилерін 6 жыл күткен екен. Бір жарым жыл бұрын тұңғыштары дүние келген бұл отбасына Алла жарылқап үш бірдей перзент сыйлап отыр. Жалпы, жыл басынан бері Кентау қаласында 765 сәби дүниеге келген. Оның 18-і егіздер болса, 1-і үшем.
…Асыл дінімізде де адамзат үшін пайдалы үкімдердің бірі некелесу. Некелесу арқылы адам баласы өмірлік жарымен жұптасып, ұрпақ өрбітеді. Қасиетті Құранда («Нахыл» сүресінде ) «Алла өз болмыстарыңнан жұбайларды жаратты. Жұбайларың арқылы бала сүйгізді» деп жазылған екен. Некелесу – Пайғамбар сүннеті. Ардақты Пайғамбарымыз: «Некелесу – сүннет. Кімде кім сүннетімнен бас тартса мене емес. Үйленіңдер. Қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңмен мақтан етемін» деген ғибратты сөз ұалғаны хадистерден мәлім. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмас» деген халқымыздың мәтелінде шаңырақ көтерудің мәні мен отбасының берекеті туралы терең ұғым жатыр. Иә, әр шаңыраққа шаттық ұялап, Қыдыр қияласын. Отбасы ынтымағы жарасып, өсіп өне бергей. Көбейе бер, Қазағым!