Бір мектепке 4 жұп егіз келді
Ордабасы ауданының білім бөліміне қарасты Ө.Тұрманжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінде 2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа 4 жұп егіз бала қабылданды.
Аталған білім ошағының 1 «а» сыныбына барған Амина Серікбай мен Алина Серікбайдың ата-анасы 7 бала тәрбиелеп отырған қарапайым отбасы. Анасы – жұмыссыз. Әкесі – жер емген шаруа. Ал, 1 «ә» сыныбындағы Ақарыс Нұрғали мен Бекарыс Нұрғалидың отбасында алты бала тәрбиеленуде. Әкесі әкімшілікте қарауыл қызметінде, ал, анасы үй шаруасындағы әйел.
Нұрдәулет Сәрсен мен Бақдәулет Сәрсеннің отбасында 4 бала бар. Ал, енді Аяна мен Аяла Асқардың отбасында 6 қыз, 1 ұл өсіп келеді. Анасы Баян Жаңабекова ауылдық кітапханада меңгеруші болып жұмыс істейді. Әкесі егін егумен айналысады.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Республикадағы әрбір жетінші оқушы біздің облысымызда. Жаңа оқу жылында облыс мектептеріне бірінші сыныпқа 52 мыңнан астам бүлдіршін қабылданды.
Қазіргі таңда облыста 20 мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Бұл 20 мектептің 13-і биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Осы жылы облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Онда 14 мың оқушы білім алатын болады. Биыл үнемделген қаражат есебінен 350-ге жуық білім беру мекемесін жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.