Отбасылық құндылықтарды сақтауға арналды

Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты №8 колледж ұстаздары мен этнос студент жастары Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелерімен, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаевамен, Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің психологі А.Шертаевамен және әлеуметтік қызметкер С.Аязовамен Көксәйек ауылдық округі, Көксәйек елді мекенінде орналасқан Төлеби жалпы орта мектебінің ұстаздарымен кездесті. Жиынды Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова жүргізіп отырды.

Іс-шараның мақсаты қоғамымызда әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, әйелдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру болды. Сонымен қатар, қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп оны құрметтеуге тәрбиелеуге де баса назар аударылды. Аналар кеңесі қоғамдық тұрақтылықты негізге ала отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жас отбасылардың ажырасуының алдын-алу және отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында сөз қозғады.

Айта кетейік, соңғы жылдары әйелге, одан қала берді балаға қол көтеру, зорлық-зомбылық көрсету секілді оқиғаларын жиі еститін болдық. Қоғамымызда зорлық-зомбылыққа қарсы көптеген іс-шаралар қолға алынғанымен, заң нормаларындағы жауапкершіліктің төмендігі жағдайды күрделілендіріп жібергені анық еді. Елімізде әйелдердің құқығын қорғайтын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа заң қабылданып, бірқатар баптар қылмыстық іс ретінде қарастырылды. Бұрын олар әкімшілік құқық бұзушылық іс ретінде сипатталған болатын. Мысалы, бұрын кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет үшін жиырма жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, енді осы қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Қорыта айтқанда, жаңа заң жобасы неке және отбасы, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамытуды көздейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *