Мақсаты айқын, арманы кемел Қарашаш
Қоссейіт ауылындағы «Қоссейіт» жалпы орта мектебінде бір бойына бірнеше өнерді тоғыстыра білген мұғалима еңбек етеді. Оның есімі – Қарашаш Серікбаева. Бастауыш сыныптарға дәріс беретін Қарашаш ұстаздықпен қатар қолөнерді, әншілікті, толып жатқан басқа да өнерлерді меңгеріп алған. Ең бастысы, жалығу дегенді білместен жатпай-тұрмай ізденеді. Түрлі байқауларға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, іскерлігімен көпке танылып үлгерді.
2011 жылдан бастап білім саласында тер төгіп келе жатқан жас маман бірнеше белестерді бағындырып үлгеріпті. Атап өтер болсақ, 2015 жылы аудандық «Өнерлі ұстаз» байқауында І дәрежелі диплом иегері атанса, ауыл арасында өткен «Шіркін, қазақтың келіні!» байқауында ІІІ дәрежелі дипломды қанжығасына байлайды. Аудандық «Сезімнің патшасы– Ұлы махаббат» байқауында арнайы номинация иегері, 2015 жылғы облыстық «Мәдениетім – мерейім» фестивалінде номинация иегері, облыстық «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» өнер фестивалінде жоғары деңгейдегі лауреаттық диплом иегері, аудандық Педагогикалық оқулардағы көркем эстетикалық пәндерінің секциясында І орын, 2016 жылы ІІ республикалық «Тәуелсіздік – тұғырым» байқауында бас жүлде иегері, аудандық «Сағындырған әндер-ай» байқауында ІІІ орын иегері, ІV «Ең білімді педагог–2020» облыстық пән олимпиадасында бас жүлдені жеңіп алды.
Әрбір байқаудың, немесе фестивальдің соңында қыруар еңбек, жанкешті жұмыс тұратынын ескерсек, со шарада жеңімпаз болудың салмағын бағамдай беріңіз. Қарашаш Серікбаеваның бойындағы білсем, көрсем, жеңсем деген жігердің қай уақытта да жалындап тұратынына сүйсінесің. Бір жарыста төмен орын алып қалсаң, келесі жарыста жоғарыға жылжисың. Тынбай іздене түссең, өз-өзіңді қамшылап, қайрай түссең тағы бір байқауда бас жүлдеге қол жеткізесің. Қарашаштың қайсар мінезі, өз мамандығын жанындай сүйіп, алға қойған мақсатқа жетпей тынбайтын өжеттігі оны өзгелерден ерекшелендіре түседі.
Қараша 1991 жылдың 20 қаңтарында бұрынғы «Қазақстан» кеңшары, қазіргі «Алатау батыр» ауыл округінде дүниеге келді. Бірақ ата-анасының жұмыс бабына байланысты 1993 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңаөзен қаласына көшіп барды. 1997 жылы Қашаған Күржіманұлы атындағы №8 жалпы орта мектепке барып, тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, 2006 жылы Шымкент қаласындағы М.Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде «Банк ісі мамандығы» бойынша оқып шықты. 2009 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар Достығы университетінде «Көркем еңбек және сызу пәні» бойынша кәсіптік білім алып, 2010 жылы аяқтады. 2017-2018 жылдар аралығында «Сырдария» университетінде «Бастауыш пәні мұғалімі» мамандығын оқыды.
Еңбек жолым 2011 жылы «Қоссейіт» жалпы орта мектебінде хатшы қызметінен бастады. 2014 жылы мектептегі «Шебер қолдар» атты үйірмесінің жетекшілігіне бекітілді. Бұл салада мектептің атынан да көптеген жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындардың иегері атанды. 2017 жылдан бастап бастауыш сыныптарға дәріс беріп келеді.
– «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру кeрeк» деп М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, әр бала бойындағы ерекше дарынды ашу – мұғалімнің басты міндеті деп ойлаймын. Әр бала – жеке тұлға. Жеке тұлға етіп тәрбиелеу де мұғалімнің құзырында. Қазіргі қоғамдағы ұстаздардың мәртебесі жоғары дәрежеде деп білемін. Әдемі дүниелерді дүниеге әкелу үшін қажырлы еңбекпен қатар, шабыт керек. Шабыт келгенде ғана адам баласы ойлау қабілеті арқылы керемет дүниелерді жасайды. Ал менің өмірдегі ұстанымым – аз ұйықтап. көп еңбек ету. Біз, адам баласы, уақытты тиімді пайдалансақ, барлығына үлгеруге болады. Ата-ененің, жарыңның, балапандарымыздың көңілін табу қиын емес. Тек бәрін ертеңге қалдырмай, уақтылы істесек бәрі де оңай. Қолөнер – менің сүйікті ісім, сол себепті керемет дүниелерді қиялға беріліп жасап шығарған сайын шабыт аламын, – дейді Қарашаш Серікбаеваның өзі.
Қарашаштың болашаққа түзген өзіндік арманымен мақсаты, жоба-жоспары бар. Оқытушылықтан бос кезде жаны сүйген кәсіпті дамытып, қосымша кәсіпкерлікпен де айналысып келеді. Бұл жайлы Қарашаштың өзі былай деп ойын бөліседі:
–Қазіргі заман ағымы – жанжақтылықты талап етеді. Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін әлеуметтік желіде отырады. Әлеуметтік желінің жақсы жақтарын алып, пайдаланса тәп-тәуір табыс табуға болады. Әрине, оны өзімнің тәжірибемнен білемін. Мен осы қолөнер саласында көптеген жетістіктерге жеттім. Әлеуметтік желіде бір жылдан астам уақыт болды «блогерлікті» меңгердім. Бұл қолөнер бизнесімнің жүруіне оң әсерін бермесе, кері әсерін тигізген жоқ. Мен өз қызығушылығымды табыс көзіне айналдырып отырмын. Ал, болашаққа жоспарларым өте көп. Оны іске асып жатқанда жайлап көре бересіздер, – дейді.
Жігерлі жастың тынымсыз тірлігі біздерді де тәнті етті. Қарашаш Серікбаева сынды белсенді жастардан өзгелер де үлгі-өнеге алып жатса құба-құп-ақ.