Сайрам ауданында тозығы жеткен ауыз су құбырлары ауыстырылуда
Сайрам ауданында барлық елді мекен ауыз сумен қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жібек жолы ауылы тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тозығы жеткен ауыз су құбырларын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл нысан биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қарабұлақ (құны – 9,3 млрд.тг.), Қожақорған және Нұржанқорған (құны – 3,0 млрд.тг.) ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылысының құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылды.
Қазіргі таңда облыста су, газ құбыры жоқ ауылдардың мәселесін шешуге басымдық берілуде. Сонымен бірге су көздерін барлау жұмыстары назарға алынады. Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарын жүргізуге негіз болатын шарттарды арасында елді мекенде ауыз су жүйесінің болмауы, бекітілген су қорының болуы, объектілердің (жүйелердің) тозуының нақты жоғары дәрежесі (кемінде 50%), елді мекендегі тұтынушылар саны, ауылдық елді мекендерде су жүйесін салу бойынша жергілікті халықтың келісу хаттамасының болуы, құрылыс құнының қолданыстағы нормалар мен ережелерге сай болуы назарға алынады.
Айта кетейік, Түркістан облысында 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтаған. Ауыз су бойынша 3 жылда 202 жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың ауыз су саласына қатысты мәселесі шешімін табады немесе жағдайы жақсарады деп күтілуде.