Қазығұрт ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынды 1 мектептің құрылысы басталды
Қазығұрт ауданында 75 мектеп жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұндағы типтік мектептердің саны 59-ға дейін жетті. Өткен жылы жалпы құны 5,9 млрд. теңгені құрайтын, 7 мектептің құрылысы басталған болатын. Жыл соңына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, Сырлысай мектебі, П.Тәжібаева атындағы жалпы орта мектеп, Амангелді мектебі.
Қалған 4 мектептің құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, олар: А. Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектеп, Т.Тулла атындағы жалпы орта мектеп, С.Рақымов атындағы жалпы орта мектеп, «Атажүрт» атындағы жалпы орта мектеп.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауданда «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында бой көтеретін мектептердің жобасы әзірленді. Салынатын мектептер жаңа форматта болады» дейді Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмаилов.
Замануи мектеп түлектерінің 90-95 пайызы жоғары оқу орындарына грантқа немесе шетелдегі ең мықты танымал оқу орындарында оқуда. Осы тәжірибені пайдалана отырып, жобаны барлық өңірде іске асыру көзделді. Жоба аясында 2024 жылы Қазығұрт ауылы Болашақ мөлтек ауданынан 600 орындық 1 жаңа мектептің кұрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға беру күтілуде.
Жалпы облыста халықты әлеуметтік нысандармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарына барынша көңіл бөлінген. Айталық, былтыр Түркістан өңірінде 20 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі таңда облыс көлемінде 15 мектептің құрылысы жалғасуда. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасына сәйкес 2024 жылы – 29, 2025 жылы 34 білім ошағы шәкірттерге есігін айқара ашатын болады. «Мұның бәрі орын тапшылығы бар, апат алдындағы немесе үш ауысымды мектептердің проблемаларын жоюға тікелей әсер етеді», — дейді сала мамандары.