Жетісайлық Айзада «Үздік келін» атанды
Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “SUPER КЕЛІН” келіндер сайысы өткізілді. Жас келіндер сынға түскен байқауға Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Аханқызы мен Жетісай ауданы әкімдігінің “Персоналды басқару” бөлімінің бас маманы Гүлмира Менісбаева арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақ мәдениетін жаңғырту, қоғамда отбасы мен некенің маңыздылығын қалыптастырып, отбасындағы келіннің рөлі мен міндеттерін айшықтау, ұмыт қалған салт-дәстүрлеріміздің құндылықтарын қайта жаңғырту мақсатында өткен сайыс аудандық Мәдениет үйінде өткізілді. Сайысқа 9 келін қатысып, үміткерлер 4 шарт бойынша өзара бақ сынасты. Айталық, алдымен олар өздерін таныстырды. Одан кейін қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мақал-мәтелдерін айтудан жарыс өтті. Өз өнерлерін ортаға салды. Ал, “Бармағынан бал тамған келіндер” айдарында келіндер өз қолдарымен жасаған тәтті тағамдарын қазылар алқасына ұсынды.
Келіндердің өнеріне аудандық “Әжелер алқасының” төрайымы Рашида Мауленова, аудандық Мәдениет үйінің хормейстері Сәнім Ермекбаева, “Керемет келін” телевизиялық бағдарламасының үздік қатысушысы Перизат Егемберді қазылық жасап, өз бағаларын берді. Байқау шарттары бойынша жас келіндер бар өнерлерін ортаға салып, өздерінің сөз саптауларымен, ерекше өнерлерімен және тапқырлықтарымен көзге көрініп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Төрт кезең бойынша бақ сынасқан келіндердің ішінде барлығынан өзінің өнерімен оза шапқан Парман Айзада үздік деп танылып, бас жүлдені иеленді. Кезекті І орын Қалмат Гүлзаттың иелігіне бұйырса, жүлделі ІІ орын Смайлова Мөлдір мен Сван Аяулымның қанжығаларына бұйырды. Ал, ІІІ орынға ие Социал Ақшархат ие болды. Сонымен қатар, байқауға белсене қатысқан келіндерге «Зерек келін», «Ибалы келін», “Өнерлі келін”, “Үлгілі келін” номинациялары берілді.
Өнерімен өзгелерден оқ бойы озып, жүлделі орындарға ие болған сайыскерлерге, басқа да қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы номинациялар бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.