Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау әлеуметтік жәрдемақылар арқылы жүзеге асырылады
Елімізде қолданыстағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында: «Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау бірінші кезекте әлеуметтік жәрдемақылар, төлемдер және көрсетілетін қызметтер арқылы жүзеге асырылады. Әлеуметтік төлемдер ұсыну жүйесі баланың тууына және бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілерге, көп балалы аналар мен отбасыларға арналған жәрдемақыны қамтиды», — делінген.
Сонымен қатар, мемлекетімізде аналарға жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы асырап алуына, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайларына міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік төлемдер енгізілген. Отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мүмкіндіктерін жасау мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілген. Жүкті әйелдердің және баласы бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да бар.
Тұжырымдамада жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; қадағалаусыз қалған, оның ішінде девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмағандар; арнаулы білім беру ұйымдарындағы, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандар; туғаннан үш жасқа дейінгі ерте психофизикалық даму мүмкіндіктері шектеулі балалар; тұрмыстық зорлық-зомбылық және адам саудасының құрбандары; белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар; пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың да арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлеміне қол жеткізетіні көрсетілген.