Көрсеткіштері бар 285 нәрестенің ата-анасына кеңес берілді
Өңірімізде «№3 облыстық перинаталдық орталығында катамнез кабинетін ұйымдастыру туралы» бұйрығымен катамнез кабинеті ашылып, кабинет сертификатталған неонатолог маманымен қамтамасыз етілді. Мұнда бүгінгі күнге дейін Түркістан, Кентау, Отырар, Созақ, Сауран аудандарының көрсеткіштері бар 285 нәресте кеңес алды.
Сонымен қатар, аталмыш орталықта жаңа туған нәрестелерге арналған 2 хирургиялық төсек-орын ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге облыстық перинаталдық орталық деңгейінде 3 ота жасалынды.
Айта кетейік, Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша республикада көш бастайды. Айталық, былтыр өңірімізде 56 мыңға жуық нәресте дүниеге келген болса, биылғы жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 20 мың 859-ға жетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды: «Ана мен бала денсаулығы – қашанда басты назарда. Бүгінде облысымызда 500 мыңға жуық бала тууға қабілетті жастағы әйел бар. Олардың 28 мыңнан астамы жүктілік бойынша тіркелген. Сонымен қатар, 182 жасөспірімнің жүктілігі тіркеліп отыр. Осындай ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өңірімізде «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығы өткізіліп тұрады», – деді Бауыржан Нұрланұлы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ағымдағы жылдың 5 айында 20 840 нәресте дүниеге келді. Ал, 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 1 маусымына дейін 71 668 нәресте дүниеге келді.
Бүгінде Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекеме, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді.