Қазатомөнеркәсіп қызметкерлерінің балалары лагерьге аттанды

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ алаңында өткен салтанатты іс-шара барысында атом холдингі қызметкерлерінің 100 баласы жазғы демалысқа IQanat High School of Burabay білім беру лагеріне аттанды.

Жазғы лагерьге бару үшін 8-10 сынып оқушылары Қазақстан тарихынан, математикадан, география және ағылшын тілінен және Қазатомөнеркәсіптің қызметіне қатысты тестілеуден өтіп, конкурсқа қатысты. Арнайы ауылдық квотаны енгізудің арқасында компания әлеуметтік жобаның барлық қатысушылары үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ете алды.

«Бүгін біздің алдымызда қызметкерлеріміздің балалары – оқушылар тұр. Сіздерді алғашқы жеңісіңізбен құттықтай отырып, жазғы демалысты көңілді әрі тиімді өткізуді тілеймін. Өскелең ұрпақтың дамуына және еліміздің өркендеуіне үлес қоса отырып, бұл жобаны болашақта да дамытатын боламыз», — деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Алдағы 10 күнді балалар Бурабайда өткізіп, жасанды интеллектті қолдануды үйренеді, қаржылық сауаттылық, мобилография бойынша тренингтерге қатысады. Балалар Ұлыбританиядан келген оқытушылармен ағылшын тілін күнделікті негізде үйрене алады. Сондай-ақ, оларға гольфты ойнаудан, қыш құмыраларды жасау және садақ атудан, атқа міну және эбрудан шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

Балалардың атом саласына деген қызығушылығын арттыру үшін лагерь бағдарламасын ұйымдастырушылар Қазатомөнеркәсіптің жетекші мамандарымен кездесулерді де қарастырған. Олар балаларға холдингтің әлеуметтік және мәдени саладағы өндірістік жетістіктері туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Ал дәстүрге айналған Open talk аясында жобаға қатысушылар белгілі мотиваторлармен, IQanat High School of Burabay қамқоршыларымен жүздеседі.

Жазғы лагерьді ұйымдастырудың тағы бір артықшылығы – кәсіптік бағдар беру сабақтары. Балалар мамандық таңдаудан кеңес алып, мотивациялық хаттар жазуды үйренеді, еліміздің және әлемнің үздік университеттеріне түсу ережелері мен критерийлері туралы біледі.

Өткен жылы балалардың отандық атом саласына деген қызығушылығын арттыру мақсатында іске аса бастаған IQanat High School of Burabay жобасы Қазатомөнеркәсіптегі әлеуметтік және білім беру салаларының негізгі бөлшегіне айналды. Жақында ол өзінің маңыздылығы мен келешек ұрпақтың дамуына тигізер оң әсерін растай отырып, «Алтын Гефест» ұлттық байқауының «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымында үшінші орынға ие болды.

Жалпы биыл Түркістан облысында 22 жазғы сауықтыру лагері ( 7-еуі мемлекеттік, 15-і жекеменшік) қызмет көрсетуде. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3421 оқушы тегін жазғы сауықтыру лагерьлерімен қамтылады деп жоспарланған. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, қала сыртындағы лагерьлер жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Айта кетейік, Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгідегі балалар лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Тәртібі бойынша мектепішілік тізімде және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданындағы «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагерьмен қамтылды. Ал, жаз айларында 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тынығуда.

Балаларды жазғы сауықтырумен қамтамасыз ететін лагерьлер бейнебақылау жүйелерімен, күзет қызметімен, байланыс құралдарымен, өрт дабылдарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылатын дабыл батырмаларымен жабдықталған. Жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетуде.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істеуде. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуальдық білім беру аясында жұмысқа тартылған. Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриоттық және спорттық бағыттағы 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілген. Соған сәйкес «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы, «Жас құтқарушы» сайысы, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері, ұл және қыз балалар арасындағы облыстық футбол турнирі, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы «Интеллектуалды ұлт» шахмат турнирі, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жобалары іске асырылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *