Динара алтын қолды дәрігер

Жасыл желек жамылған, айналасы мұнтаздай таза Мичурин ауылдық ауруханасы Түлкібас ауданындағы ең үлгілі ауруханалардың бірі болып табылады. Ауруханадан гөрі шипажайға ұқсас бұл жерге дертіне шипа іздеп келушілердің қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Бас дәрігер Замира Оразбаева мен ардагер дәрігер, медицина саласының үздігі, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Жарылқап Бекжанов секілді қолдары жеңіл, емдері шипа ақ халатты абзал жандарға аудан тұрғындары шексіз  риза. Түлкібастықтар бастары ауырып, балтырлары сыздай қалған жағдайда  жылдың қай мезгілі болмасын, осында жатып емделіп шығуға асығады. Мұнда өз істерін жетік меңгерген мейірбикелер де аз емес. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы ТЖКББ факультеті «мейірбике ісі» мамандығының 2016 жылғы түлегі Динара Тоқтарқызы Айтымбаева.

Аталмыш оқу орнын бітіре сала Мичурин ауылдық ауруханасына мамандығына сай жұмысқа орналасқан ол содан бері осында қызметін мінсіз атқарып келеді.

– Динара қарындасымның қолы жеңіл, екпені ауыртпай, тамырды дәл тауып салатыны ұнайды, – дейді ауруханада ем қабылдап жатқан Үрбұлақ ауылының тұрғыны Бағлан Жанбаев.

– Бір мен емес, осы ауруханада жатқандардың барлығы оны жақсы көреді. Науқасқа қуат беретін жылы сөздері мен қолданған ем-домына адам сүйсінеді.  Жүзінен үнемі мейірім төгіліп тұратын оның алдағы еңбегіне сәттілік тілейміз.

Иә, бар қарым-қабілетін ел қызметіне арнап, өз мамандығына деген адалдығынан айнымай келе жатқан мейірбике Динара Айтымбаеваның шығар белестері әлі алда деп ойлаймыз. Оның бұдан да биік межелерді бағындыра беретініне сеніміміз мол.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *