Бөбектерге домбыра тарту етті
Жақында Түркістан қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жаңа туған нәрестелерге сыйлықтар тарту етілді.
Шаһардағы №3 облыстық перинеталды орталығында дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бейнеленген домбыра сыйланды. Жаңа туған сәбилердің ішінде Алтынбек, Асылбек есімді егіздер, сондай-ақ Бек, Ясин, Ахмад, Саина есімді басқа да бөбектер бар.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетовтың айтуынша, халқымыздың қастерлі аспабын ұлықтаған бұл шара Қазақстанның жаңа туған азаматтары мен олардың ата-аналарына балаларына рухани тәрбие беру жолындағы маңызды бағдар болмақ.
Шара барысында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова сәбилерін құшақтарына жаңа алған аналар мен білікті дәрігерлерге құттықтау тілегін білдіре отырып, ҚХА-ның сәбилерге жолдаған арнайы хатын тапсырды. Аталған құттықтау хатта: «Айналайын! Ұлы далаң, Отаның сені құшақ жая қарсы алады, айналайын! Бұдан кейін сен де ұланғайыр далаңды дүбірлеткен қасиетті домбыра үнінен рух алып, биіктерге еліңмен бірге өрлейсің. Өз өмірің бастау алатын бүгінгі күн – отбасың үшін де, Отаның үшін де ерекше күн. Ол ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық аспап ұлықталатын мерекемен сәйкес келуімен есте қалары анық. Өнегелі, өнерлі жолыңда домбыраң жан серігің болсын, айналайын! Үлкен өмірге жасаған қадамың құтты болсын, Ұлы Дала перзенті!» деген ізгі ниет, жақсы тілектен туған жүрекжарды сөздер бар.
Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында.