«Әлеуметтік бақша» жобасы: Майданталда алғашқы өнімін берді

Сауран ауданының Майдантал ауылдық округінде аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Әлеуметтік бақша» жобасы өз жемісін бере бастады. Жоба аясында арнайы бөлінген 0,6 гектар аумаққа картоп пен қызанақ егіліп, бүгінде алғашқы өнім жиналды. Ауыл тұрғындары күзгі терімге белсене қатысып, жиналған өнім әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін таратылуда. Бұл бастама күнделікті тұрмыстық қажеттілікті өтеуге елеулі көмек болып отыр.

Аталған жобаның басты мақсаты – ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалана отырып, қоғамның әлжуаз топтарына нақты қолдау көрсету. Сонымен қатар, бұл бастама ауыл тұрғындарының бірлігін арттырып, ортақ іске жұмылдыру арқылы әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған. Аудан әкімдігі осы жобаны іске асыру арқылы ауыл шаруашылығын тек экономикалық сала ретінде емес, әлеуметтік қолдау құралы ретінде де пайдалануға болатынын көрсетіп отыр.

Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов бұл туралы: ««Әлеуметтік бақша» жобасы биыл алғаш рет жүзеге асырылды. Алғашқы нәтиже жаман емес – тұрғындар өнімін жинап, оны мұқтаж жандарға жеткізуге мүмкіндік алуда. Алдағы уақытта егіс алқабының көлемін арттырып, көкөніс түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ауыл тұрғындарына да, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға да үлкен көмек болатынына сенімдімін», – деді.

Бұл игі бастама жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауда: «Әлеуметтік саясат қоғамдағы осал топтарды қолдауға бағытталуға тиіс. Мемлекет мұқтаж жандарды қараусыз қалдырмауы керек», – деп атап өткен болатын. Бұл жобаның дәл осындай мақсатты көздеуі Президент Жолдауында айтылған тапсырмалардың өңірлік деңгейде нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мәселелері кеңінен қарастырылған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы – біздің экономикамыздың маңызды бөлігі. Оның дамуына жаңа серпін беру қажет», – деген болатын. Осы орайда «Әлеуметтік бақша» жобасы ауыл шаруашылығы саласын әлеуметтік даму құралы ретінде ұтымды пайдаланудың жарқын үлгісі болып отыр.

Жоба алдағы уақытта өз аясын кеңейтіп, басқа ауылдық округтерде де кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл бастама тек көкөніс өнімін емес, ауылдың өзара ынтымағы мен әлеуметтік жауапкершілігін де молынан арттыруда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *