Ауыл клубында ауқымды жиындар арта берсе екен
Ауылдың ажарын кіргізіп, кең даланы ән мен күйге бөлейтін, күйбең тірліктен босап кешкісін жиылатын ауыл халқын бір марқайтатын бұрынғы ауыл клубтарының қыз-қыз қайнаған қызметі әліге дейін көпшіліктің есінде. Ол кезде өнерпаздар ауыл-ауылды аралап, еңбекшілердің көңілін көтеру үшін ауыл клубтарына жиі келетін. Осылайша аталмыш клуб ауыл тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының бірі еді. Бүгінде ауыл клубының жайын білмекке Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мәдениет үйі» КММ-не қарасты Шорнақ ауылдық клубының меңгерушісі Мейрамкүл Пірімханова ханыммен жолыққан едік. Аз-кем сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
-Мейрамкүл Берденқызы, Шорнақ ауылында жұмыс істеп жатқан клубтың өткенінен бастап әңгімелеп берсеңіз. Клубтың іргетасы қашан қаланған еді?
-Клубтың негізі 1959 жылы қаланған. Клуб әуелі баяғы №5 мектеп-интернатының асханасы болған. Кейін 2011 жылы күрделі ағымдағы жөндеуден өтіп, клуб ретінде халық игілігіне пайдалануға берілді.
Алғаш болып клубта 1992 жылға дейін анам Пірімханова Райхан жұмыс істеген. Ол кезде зейнетке шығу жасы 50 жастан бастап еді ғой, анам зейнетке шығып маған осы клуб жұмысының тізгінін ұстауды тапсырып кетті. Сөйтіп алғашқы еңбек жолымды Түркістан қалалық мәдениет үйінде әнші болып бастаған мен клуб меңгерушісі болып осында ауысып, анамның ісін жалғастырдым. Осында өткен көптеген мәдени іс-шараларға, келелі жиындарға ауыл халқымен бірге куә болып, еңбек етіп жатқаныма 30 жылдан астам уақыт өтті. Екінші үйіме айналған клуб тарихында өзіндік үлесімді қалдырғанымды мақтан тұтамын. Замана көшінен қалмай, өнер мен мәдениетке әрдайым алтын көпір бола білген клубтың жұмысы тоқтамай, көркейе берсе екен деп тілеймін. Айтқандай, биыл көктемнен бастап клуб ғимаратының жаңаруына, түрлі құралдармен жабдықталуына қомақты қаржы бөлініп, үлкен күрделі жөндеуден өткелі жатқанын жерлестеріме қуанышпен хабарлағым келеді.
-Әрине, қуанышыңызға ортақпыз! Ауылдықтар жаңа ғимаратқа барып, заманауи үлгідегі қызметті игілігіне пайдаланып жатса қанекей. Осы орайда атқарған шаруаларыңызбен бөлісіп, алдағы жоспарыңызды айта кетсеңіз.
-Ия, өнер ұясының жұмысын жандандыратын ол әрине жетекшілер екені белгілі. Әрдайым жанымда Сымбат Бақытқызы деген музыкалық жетекші ел ішіндегі жеке-дара таланттармен жұмыс істеуге, клубтағы мәдени шаралардың ойдағыдай атқарылуына еңбегін сіңірді. Бүгінде Әсем Ұлмаханова атты музыкалық жетекші клуб жұмысының көркеюіне атсалысып отыр. Сондай-ақ екеуіміз бірлесіп ауыл жастарына арнап тәрбие, нашақорлықпен күрес жөнінде түрлі дөңгелек үстелдер ұйымдастырып отырамыз. Клуб ішінде ән үйірмесі жұмыс істеп тұр. Мақсатымыз балалардың, ауыл жастарының өздерінің көрнекті қоғам қайраткерлері, өнерлі адамдары жайлы терең біліп, оларды мақтан тұтып, елі үшін еңбек еткен ардақты жандарды үлгі тұтас екен дедік.
Одан кейін түрлі мерекелерге орай Шорнақ ауылындағы ардагер апаларымызды, көп балалы аналарымызды құрметтеп шақыртып іс-шара өткіздік, оған ауыл әкімі арнайы қатысып, аяулы аналарымызға алғыс айтып марапаттады, жиын соңында әзірлеген музыкалық бағдарламаларымыздың аналардың көңілінен шыққанына біз де ерекше қуандық. Осы орайда айта кетейін, ауылымыздың Рахметова Барна, Ерен Еңлік, Мәнтай Аружан сияқты өнерлі де дарынды жастары өнер десе ішкен асын жерге қойып, барлық шаралардың басы-қасында белсенділік танытып, ән салып, үлкендерден бата алып жүретінін мақтан тұтамыз.
Осы еңбек еткен жылдары жас ұрпаққа тәрбие беруде, әлеуметтік-мәдени шараларға үлес қосуда алған көптеген марапаттарымыз, оның ішінде ауылымыздың ақсақалдары мен апаларымыздың ақ батасы тынымсыз еңбегіміздің тәтті жемісі деп ойлаймын.