«Ұлттар арасындағы сыйластықты, татулықты көріп өскен жастардың ертеңгі күні осы дәстүрді жалғастыратынына кәміл сенемін»
Қазақстанды әлемнің өзге мемлекеттерінен артық ететіні ол көпұлттылық саясаты деуге болады. Қазақ халқының табиғатына тән қасиет – бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрген әрбір ұлт өкілдерінің мәдениетін тану және оған құрмет көрсету. Бұл мемлекеттер арасындағы достастықты, бірлікті нығайта түсетін болады. Жалпы менің айтайын дегенім, біз осындай ұрпақ сабақтастығының сақталуы үшін өскелең ұрпағымызға бүгіннен тәлім-тәрбие беріп жатырмыз. Еліміздегі ұлттар мен этностар арасындағы қазіргі сыйластықты, татулықты көріп өскен жастардың ертеңгі күні осы дәстүрді жалғастыратынына кәміл сенемін.
Кеңес одағы уақытында да Қазақстанымыз көпұлтты ел атанған болатын. Алайда, әлемдік деңгейдегі сарапшылар елімізді болашақта ұлтаралық қақтығыстар мен шиеленістердің ордасына айналады деп болжаған еді. Құдай ондайдың бетін аулақ етсін. Уақыттың өзі еліміздегі ұлтаралық саясаттың дұрыс бағытта жүргізіп келе жатқанын күннен-күнге дәлелдей түсуде. Бүгінде сол әлемдік деңгейдегі сарапшыларымыз біздің қоғамдық келісіміміз бен ұлтаралық татулық жайындағы саясатымызға қызыға да қызғана қарайды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен құрылған Ассамблея қаншама ұлт өкілдерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тәтті тіршілік кешіп, ел игілігіне бағыттаған бастамаларды бірлесе атқарып, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағынан дамуына өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, жүзден астам ұлт өкілдерін маңайына топтастыруда Ассамблея өз тиімділігін көрсетіп қана қойған жоқ, мемлекеттік деңгейдегі үлкен маңызға ие екендігін айқындай түсті.
Мемлекетімізде ұлттық саясатты жүзеге асыру бағытындағы, соның ішінде елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға арналған шараларды атқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қатысты мәселелер бойынша Конституцияға екі рет түзетулер енгізілді. Осы бағытта Мемлекет басшысы 10-нан астам Жарлыққа қол қойды. Соның негізінде Ассамблеяның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды. Өңірлерде жергілікті ассамблея тарапынан атқарылатын жұмыстар ҚХА-ның осы даму тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылады.
Бүгінде мемлекетімізде мыңнан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның ішінде славян этномәдени бірлестігі де бар. Бұл этномәдени бірлестіктердің мақсаты — мемлекетіміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, олардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін дамытуына қолдау көрсету. Оған мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалынуда.
Славян этномәдени бірлестіктері елімізде атқарылып жатқан ауқымды, оның ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. Осылайша, бірлестік өкілдері мемлекетіміздің алға қарай ілгерілуіне өз үлестерін қосуда.
Бүгінде Түркістан облысындағы Ассамблея жанында өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылықты үйлестіру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» және «Айбын» клубтары, ақпараттық-насихаттық топтар да бар. Осы аталған құрылымдар өздеріне бекітілген бағыттар бойынша жұмыс істеуде. Барлығының мақсаты бір. Жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында межелі міндеттерді жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізеді. Әсіресе, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарына,этносаралық ахуалға тұрақты мониторинг жасауға, этностар жинақы шоғырланған жерлердің өзекті мәселелерін саралауға, проблемаларын анықтап, олардың шешуге ерекше басымдық беріледі.
Маргарита САПАЕВА,
славян этгомәдени бірлестігінің төрайымы.
Сайрам ауданы