Созақта Президент жолдауын жүзеге асыру барысы пысықталды

Бүгін Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Бұл басқосу еліміздің жаңа даму кезеңіндегі стратегиялық басымдықтарды өңір деңгейінде жүзеге асырудың нақты қадамдарын айқындауға арналды.

Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауы – тек бағыт-бағдар беретін құжат қана емес, еліміздің болашақ даму моделін айқындайтын маңызды бағдарлама екенін атап өтті. Президент ұсынған түбегейлі цифрлық өзгерістер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу – өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашатын басты құрал екенін жеткізді.

Кеңейтілген актив жұмысына құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округтер мен кент әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары, зиялы қауым өкілдері, БАҚ қызметкерлері және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Жиынға қатысушылардың көп болуы – Жолдауда айтылған бастамалардың өңір үшін өзектілігін көрсетеді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова Президент Жолдауында айқындалған цифрлық даму бағытына тоқталды. Ол жаңа құрылатын министрліктің цифрлық трансформацияны үйлестірудегі рөлін түсіндіріп, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы тапсырмаларды нақтылады. Сонымен қатар Алтын Ешанқұлова жасанды интеллект саласын кадрлармен қамтамасыз ету, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және мемлекеттік қызметтерді толықтай цифрландырудың маңызына назар аударды.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Ермек Оразбеков ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тетіктерін атап өтіп, Жолдауда көтерілген аграрлық саланы цифрландыру мәселелерін талдады. Ол ауыл шаруашылығындағы заманауи технологияларды енгізу өнім сапасын арттырумен қатар, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Аманов инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және «Ақылды қала» элементтерін енгізу бағытында түсініктеме берді. Оның айтуынша, Президенттің тапсырмалары негізінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында цифрлық бақылау жүйелерін орнату, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты басымдыққа айналмақ.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, Жолдауда айқындалған стратегиялық міндеттердің ел дамуы үшін маңызын атап өтті. Ол аға буын өкілдері әрқашан жастарға қолдау көрсетіп, олардың жаңа бастамаларын құптайтынын жеткізді. «Біз еліміздің болашағын айқындайтын бұл реформаларды жүзеге асыруда әрқайсымыздың үлесіміз болуы керек», – деді ол.

Сондай-ақ жастар ресурстық орталығының әдіскері Мұхаммедәлі Сейсенбек Жолдау мазмұнының жастар үшін ерекше маңызды екенін айтып, жасанды интеллект дәуірінде білім мен креативті ойлаудың бәсекеге қабілеттіліктің басты шартына айналатынын жеткізді. Ол Президент бастамаларының жастарға жаңа мүмкіндіктер мен тың серпін беретінін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар Жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін аудан көлемінде кешенді жұмыс жүргізу қажеттігін бірауыздан қолдады. Талқылау барысында ұсыныстар жинақталып, нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Бұл басқосу – Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын өңір деңгейінде түсіндірумен қатар, барлық саладағы реформаларды жүзеге асыруға жергілікті қоғамдастықтың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *