Жолдау жүктеген міндет: Мақтааралда ауыл шаруашылығы өнімін шикізат күйінде емес, дайын тауар түрінде өндіруге ден қойылды

Президенттің Жолдауларында көтерілген бастамалардың нәтижесінде Мақтаарал ауданында өңдеу өнеркәсібі күшейіп, жаңа жобалар көптеп жүзеге асып жатыр. Болашақта бұл жобалар аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етеді, халықтың әл-ауқатын көтеруге үлес қосады.

Айталық, бүгінде Мақтаарал ауданында экономикалық көрсеткіштер едәуір жақсарып келеді. Биылғы жылдың 7 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 12,2 миллиард теңгеге жетіп, 28,7 пайызға артты. Аудан басшылығы жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 23,2 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.

Инвестиция тарту жұмыстары да қарқын алуда. Ағымдағы жылдың жеті айында ауданға тартылған қаражат 20,1 миллиард теңгені құрап, өсім 40 пайызды көрсеткен. Жоспар бойынша жыл соңына дейін инвестиция көлемін 51 миллиард теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

Сонымен қатар, қазіргі таңда өңірде экономиканы дамытуда бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Агрогруз» ЖШС-і Игілік елді мекенінде бақша өнімдерін экспорттаумен айналыса бастады. Жылдық қуаттылығы — 6 мың тонна, инвестиция көлемі — 150 млн теңге. «CottonMay» ЖШС-і осы елді мекенде мақта майын өңдеу жобасын іске қосты. Жобаның құны – 1 млрд теңгені құрайды. Жылдық өнім көлемі — 5 мың тонна май. Нұрлыбаев ауылдық округінде кәсіпкер Салман Дүкенбаев  шұжық шығару цехының құрылысын қолға алды. Жобаның құны — 220 млн теңге, мұнда жылына 10 мың тонна ет өнімдері терең өңделеді деп күтілуде.

Индустриалды аймақта «EL KZ-2020» ЖШС-і тігін цехын салып жатыр, мұндағылардың айтуынша тігін цехы жылына 10 мың метр мата шығаратын болады. «BEGASH» ЖШС-і де бірнеше жобаны жүзеге асырмақ ниетте. Олар: мақта тұқымын өңдейтін зауыт (жылдық қуаты 3 мың тонна, құны 500 млн теңге); пластикалық өндіріс: ПВХ құбырлары (2 мың тонна), тамшылататын таспа (2 мың тонна), пленка (3 мың тонна), пленка қалдықтарын түйіршіктеу (4 мың тонна).

«Бек» ЖШС-і тәулігіне 90 тонна күріш өңдеу цехын, «Бифас» ЖШС-і мақта тұқымын өңдеу зауытын, «FAN GAO» ЖШС-і тігін фабрикасын іске қоспақ. Аталмыш жобалардың нәтижесінде 400-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамытуды, қайта өңдеу өнеркәсібін тереңдетуді, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, жұмыс орындарын ашуды және экспорттық әлеуетті кеңейтуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, Президент бұл жайлы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында: «Жолдауда үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойдым. Біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық», — деген болатын.

Алдағы уақытта Мақтаарал ауданында қолға алынған жобалар өңдеу өнеркәсібінің дамуына, ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемін арттырылуына  үлкен үлес қосатын болады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жасалған инвестициялар өңдеуді тереңдету арқылы ауыл шаруашылығы өнімін шикізат күйінде емес, дайын тауар түрінде өндіру мен экспорттауға мүмкіндік береді. 400-ге жуық жұмыс орны құрылу арқылы аудандағы халықтың тұрмыс-жағдайы жақсарады, жастар жұмыспен қамтылатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *