Қазығұрт ауданында биыл 4 медициналық нысан салынады

Қазығұрт ауданында денсаулық сақтау саласында 61 емдеу мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетуде. Өткен жылдың қорытындысымен Жаңаталап, Ынталы және Қакпақ елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттерді салу үшін 434 млн. теңге қаралып, пайдалануға берілді. Биыл Қазығұрт ауданы бойынша 4 медициналық нысанды салу жоспарланып отыр. Оның 3-еуі фельдшерлік акушерлік пункт, 1-еуі дәрігерлік амбулатория.
Түркістан облысында халықты әлеуметтік нысандармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарына барынша көңіл бөлінген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен әрбір нысанның құрылысы жоспарланып, қатаң бақылауға алынған. Жақында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өзі жетекшілік жасайтын басқарма басшыларымен 2024 жылы атқарылатын жұмыстарды саралап, басты бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру жолдарын қарастырған болатын. Әсіресе, әлеуметтік сала бойынша жүргізілетін құрылыс шараларына барынша басымдық берілмек.
Өңірімізде биыл 100-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы басталады. Оның ішінде 52-сі білім саласы, қалған 49-ы денсаулық сақтау саласы бойынша салынады. Одан бөлек, облыста ауқымды 6 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Сарыағаш қаласында 300 орынды перинаталды орталығы бар медициналық кешен, Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 төсек-орынды заманауи перинаталды орталық, Түркістан қаласында 210 орынды облыстық балалар ауруханасы, Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде 210 орынды аудандық аурухана ғимаратын салу жоспарлануда.
Ал, Түркістан қаласындағы 570 орынды көпсалалы аурухана құрылысы биыл аяқталады. Мұндағы медициналық персонал штатын қалыптастыру төртінші тоқсанда басталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *