Жолдау жүктеген міндет: Сауран ауданында 90 орынды «Шұғыла» оңалту орталығы ашылды
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы мерекесіне орай 90 орынды «Шұғыла» оңалту орталығы пайдалануға берілді. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін бұл мекеме ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Жаңа орталықтың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында облыста бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында: «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деген болатын. «Шұғыла» орталығы – осы нақты ниеттердің айқын көрінісі болары анық. Бұл – жай ғимарат қана емес, бұл – балалардың болашағына деген үміт, ата-аналарға сенім, қоғамдағы мейірім және тең мүмкіндік мекені. Дәл осындай орталықтар жыл соңына дейін облыстың екі қаласында ашылады. Сондықтан әр баланың арманына қанат бітіріп, өміріне жарық сыйлау – біздің басты міндетіміз. «Шұғыла» орталығы ата-аналарға сенімді тірек болады деп сенемін», – деді өңір басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Президент: «Мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау – біздің адами әрі азаматтық борышымыз. Біз оларды қоғамнан бөлектемеуіміз керек. Әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу – бәріне тең болуы тиіс», – деп ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді үнемі назарда ұстау қажеттігін атап өткен.
Жобаның жалпы құны – 3 121,7 млн теңге. Орталықта 3 пен 18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған 90 бала арнаулы әлеуметтік қызмет алады. Оның ішінде 60 бала – стационарлық, 30 бала – жартылай стационарлық негізде қабылданады. Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, педагогикалық, мәдени, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша кешенді көмек көрсетіледі.
Жаңа әлеуметтік мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда прессотерапия және қысқа толқынды терапия аппараттары, массаж және физиотерапия кабинеттері, монтессори, сенсорлық және психомоторика бөлмелері, көпфункционалды үстелдер мен түрлі дидактикалық материалдар бар. Сонымен қатар, орталық аумағында кіші футбол алаңы, воркаут аймағы, жазғы сахна, спорт және акт залдары, сондай-ақ 1-10 сынып аралығындағы мүгедектігі бар балаларға арналған оқу кабинеттері заманауи жиһазбен жабдықталған. Ашылу рәсімі барысында облыс әкімінің атынан балаларға музыкалық аспап – пианино сыйға тартылды.
Жыл соңына дейін Түркістан облысында дәл осындай екі ірі әлеуметтік нысан – Сарыағаш және Түркістан қалаларында 100 орындық аутизмге арналған орталықтар ашылуы жоспарланып отыр. Бұл бастама Президент жүктеген «Әлеуметтік мемлекет» қағидасын нақты іске асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 101 405 мүгедектігі бар азамат тіркеуде тұр. Оның 15 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Бүгінде олардың 6 736-сы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған жобалар жүйелі түрде жалғасатын болады. Қорыта айтқанда, «Шұғыла» орталығының медициналық және әлеуметтік көмек көрсету орны ғана емес, оның өмірге үміт, қоғамға сенім, ал балаға болашақ сыйлайтын шынайы мейірім мекені болатынына сенім мол.
